Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда Д.И. Менделеев атындағы РХТУ филиалы ашылды

ЖОО нысанын күрделі жөндеуге және жабдықтарды жеткізуге «Қазфосфат» ЖШС қаражат бөлген

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің базасында Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті филиалының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

​Салтанатты рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Евгений Пак, Д.И. Менделеев атындағы РХТУ ректорының міндетін атқарушы Евгений Румянцев қатысты.

Мемлекет басшысының беделді шетелдік жоғарғы оқу орындарының филиалалын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті – РХТУ – «Қазфосфат» ЖШС білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық пен қос диплом бағдарламасын іске асыру туралы үшжақты келісімге қол қойған болатын.

Сондай-ақ ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен РФ ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальковтің құттықтау хаттары оқылды.​

Жаңа оқу жылынан бастап РХТУ филиалында алғашқы топ құрылып, 30 жамбылдық студент «бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша білім алуда.

​Филиал ғимаратында 4 зертхана, 2 компьютерлік сынып, конференц-зал және аудитория қарастырылған.

Жоғары білім беру нысанын күрделі жөндеуге және жабдықтарды жеткізуге «Қазфосфат» ЖШС қаражат бөлді.

Өткен жылдың мамыр айында химия өнеркәсібі саласы бойынша ТМД-да тұңғыш жүзеге асырылған желілік кампус жобасы іске қосылды. «2+1+1» бірлескен білім беру бағдарламасы аясында болашақ химик-технологтар алғашқы екі курсты М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде, ал үшінші курсты Д.И. Менделеев атындағы РХТУ-де оқиды. Төртінші курсты Таразда жалғастырып, білім алумен қатар «Қазфосфат» ЖШС-де тәжірибесін шыңдайды.

​Өңір мектептерінде жаратылыстану-ғылыми цикл пәндерін тереңдетіп оқыту жүйесін ұйымдастыру үшін Менделеев сыныптары ашылды.