Жамбылда дін саласында жұмыс атқаратын мамандарға арналған оқыту семинары өтті
Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды
Облыс тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасы дін саласында жұмыс атқаратын мамандарға арналған облыстық 2 күндік оқыту семинарын өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аталған семинарға облыс аумағының барлық аудандарының дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыруға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға мүдделі жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, діни бірлестіктердің өкілдерінен 100-ге жуық адам қатысты.
Семинарға ҚР Президенті жанындағы МБА Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры, Жақиянов Талғат Жәрдемқұлұлы, «Нұр-Мүбарак» ЕИМУ Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Халым Қонай, «IHSAN» Ғылым және мәдениет орталығы» ҚҚ төрағасы Нүсіпханов Тимур Нүсіпханұлы, Республикалық «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бизақова Фатима Әбдіқызы, журналист Анарбаева Мөлдір Нұрланқызы, видеограф, контентмейкер Беркімбаева Нұрайым Беркімбайқызы сынды республикалық деңгейдегі дәріскерлер шақырылып, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүргіздің маңызды бағыттары туралы ақпараттар беріп өтті.
Бұдан бөлек, екі күн бойы өткен дәрістерде ұлттық дәстүр мен діни құндылықтардың сабақтастығы мәселесіне ерекше назар аударылды. Спикерлер дәстүр мен дінді қарама-қарсы қою қоғамға кері әсер ететінін айтып, қазақ халқының рухани мұрасын насихаттаудың маңызын айтты.
Сонымен бірге, кейбір жастардың шетелдік діни ағымдарға еліктеуі және дәстүрлі құндылықтардан алшақтауы мәселесі сөз болып, алдын алу шараларын күшейту қажеттігі де назарға алынды.
Семинар аясында мемлекеттік құрылымдар мен діни бірлестіктер арасындағы өзара байланыс мәселесі арнайы талқыланды.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану тақырыбы аясында халыққа нақты әрі сенімді ақпарат жеткізудің маңыздылығы айтылып, медиа жобаларды дамыту бойынша ұсыныстар берілді.
Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.