Жамбылда есірткі дайындап сатумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті
Жамбылда есірткі дайындап сатумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті
Жамбылда есірткі дайындаумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды Қылмыстық топ республикалық «Қарасора-2021» жедел алдын алу іс-шарасы, сондай-ақ «Рефлекс-2021» өңірлік операциясын өткізу барысында анықталды. Оларды Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері бірлесіп ұстады. Қылмыстық топ Жамбыл облысының аумағында «марихуана» дайындаумен және оны басқа өңірлерге сатумен айналысқан. 39 және 51 жас аралығындағы барлығы 5 күдікті анықталды. Аталған ер адамдардың төртеуі – Байзақ ауданының тұрғындары, біреуі Тараз қаласынан. «Олардың тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ күдіктілердің бірінің өндірістік базасына тінту жасап, бір мезгілде жүргізілген ұстау операциясы барысында жалпы салмағы 1 келіден астам гашиш, 30 келіден асатын марихуана, өсірілген каннабис өсімдігінің бұталары, илеуіш құралы және гашиш өндіруге арналған басқа да құрылғылар, сондай-ақ тіркелмеген 2 тегіс ұңғылы мылтық, 25 аңшылық және 16 травматика патрондары тәркіленді. Қазіргі уақытта ұсталғандардың барлығы кінәсін мойындады. Олар Тараз қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп атап өтті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков. Аталған қылмыстық іс бойынша тәжірибелі қызметкерлерден жедел тергеу тобы құрылды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.