сәрсенбі, 14 мамыр, 2025 9:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Заң мен тәртіп» қағидаты: Жамбылда жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау бойынша қандай шаралар жүргізілуде

«Заң мен тәртіп» қағидаты: Жамбылда жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау бойынша қандай шаралар жүргізілуде
Фото - ашық дереккөз
Қоғамды алаңдатып тұрған өзекті мәселенің бірі – жасөспірімдер арасында белең алып тұрған қылмыс пен әлімжеттік. Құқықбұзушылықтардың мектеп аумағында, қоғамдық орындарда жиілеп кеткенін әлеуметтік желілерден байқауға болады.

Жамбылда жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жасөспірімдер қылмысының алдын алуға және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған "Жасөспірім" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер барлық білім беру мекемелерінде, облыстың  көше- жол тораптарында  және әлеуметтік желілерде алдын алу шараларын күшейтті

Әлеуметтік желілердің мониторингі барысында Жамбыл ауданының  Бектөбе ауылындағы көлік базарында жүргізушілерге автокөлік құралдарын жарнамалау мен сатуда өз қызметтерін ұсынған бір топ жасөспірімге қатысты шағым жасалғаны анықталды. "Клиенттерді " тартуға тырысқан  балалар жолдың қозғалыс бөлігіне  шығып кетіп, апатты жағдайлар туындатып, өз өмірлеріне де қауіп төндірген.

- Жүргізілген жұмыс  нәтижесінде «кәсібін» жандандырмақ болғандардың екі заңды өкілі  ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы (қоғамдық орындарда  тиісу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық жасөспірімдердің ата-аналарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді,- делінген хабарламада.  

 

ДЕРЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ?

ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес облыс аумағында 2025 жылдың 10 сәуірі мен 6 мамыры аралығында «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Рейдтің алғашқы 8 күнінде-ақ бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 20 қолайсыз отбасы және құқықбұзушылық жасаған 38 кәмелетке толмаған жасөспірім полицияның есебіне алынған.

Осы уақыт аралығында девианттық тәрбиедегі мінез-құлқына байланысты 5 жасөспірім арнайы режимдегі мектепке орналастырылса, 3 тұлғаның ата-ана құқығы шектеліп, 9 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылған. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабымен 72 ата-ана жауапкершілікке тартылған.

Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауы немесе қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Іс-шара барысында Әкімшілік кодекстің 442-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 589 ата-ананың жауапкершілігі қаралыпты.

Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 435-бабы бойынша 21 кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Сағат түнгі 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 16 мекеме иесі Әкімшілік кодекстің 132-бабымен жауапкершілікке тартылыпты.

Ең өкініштісі, рейд кезінде Тараз қаласы және Қордай ауданында полиция қызметкерлері тыйым салынған заттарды алып жүргені үшін 3 жасөспірімді ұстаған.

ИНСПЕКТОРЛАРДЫҢ МІНДЕТІНЕ НЕ КІРЕДІ?

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, оларға дер кезінде психологиялық және құқықтық көмек көрсету – тәртіп сақшыларының, оның ішінде мектеп инспекторларының мойнындағы үлкен жауапкершілік.

Осы орайда біз инспекторлардың жұмысы қалай жоспарланатыны, олардың күнделікті қызметіндегі қиындықтар мен жауапкершіліктері туралы тереңірек білу мақсатында облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасының кәмелетке толмағандар полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышевті сөзге тартқан едік.

Әлішер Тілебекұлының айтуынша, бүгінгі таңда инспекторлар қызметінде бірқатар өзгерістер орын алған. Атап айтқанда, қазір мектеп инспекторларының орнына оқу орындарына аумақтық полиция инспекторлары бекітілген. Нақтылап өтсек, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық профилактикасының тиімділігін арттыру мақсатында 2024 жылы облыстық полиция департаментінің № 1009 бұйрығына сәйкес облыс аумағында орналасқан 457 мемлекеттік, 59 жекеменшік, барлығы 516 мектеп пен 42 колледждге 767 полиция қызметкері белгіленген. Тарқатып айтқанда, 207 жедел уәкіл, 155 ювеналдық полиция инспекторы, 405 учаскелік полиция инспекторы бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Сондай-ақ инспектор бұрынғыдай бір емес, бірнеше білім беру ұйымының қауіпсіздігіне жауапты. Облыста өрендер арасындағы қылмыстардың алдын алу, оқушылар мен студенттердің қоғамдық тәртіпті бұзу деректерін анықтау, олармен профилактикалық бағытта жұмыстар жүргізу мақсатында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар аумақтар бойынша бекітілген. Инспекторлар өз аумағында орналасқан мектеп, колледждердің барлығының тыныштығына жауапты.

– Полиция қызметкерлерінің 2-3, кейде одан да көп мектепке инспектор болып бекітілуі тәртіп сақшысының жұмысын күрделендіре түсетіні анық. Алайда бұл – уақытша қиындық. Себебі әрбір инспектор өзіне жүктелген аумақтағы оқу орындарындағы әрбір оқушымен де жақын қарым-қатынас орнатуға тырысады. Оқушылар сеніміне ие болу бір күнде жүзеге аса қоймайды, ол үшін уақыт қажет. Дегенмен, біздің мамандар уақыты тығыз болса да ұрпақ тәрбиесіне жауапты екенін сезініп, өрендер арасындағы қылмысты төмендету бағыттағы жұмыстарды сапалы атқаруға тырысады. Жүйелі жұмыс өз жемісін беріп келеді.

Күнделікті тәжірибе көрсеткендей, оқушылар арасында кездесетін бұзақылық, ұрлық, бопсалау, буллинг яғни, қорқыту, мазақтау сынды жағдайлар дер кезінде анықталып, мектеп инспекторының көмегімен шешімін тауып отырады. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары бекітілген аумағында орналасқан мектептерде күнделікті алдын алу іс-шараларын атқарады. Егер инспектор болмаған жағдайда көбіне ауылдық елді мекендерде учаскелік полиция инспекторлары барып, тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен немесе ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды дер кезінде анықтау да маңызды бағыттардың бірі. Одан бөлек жасөспірімдердің үйден кету немесе хабарсыз жоғалу жағдайларының алдын алу да инспекторлар жұмысының маңызды бір бағыты. Мұндай оқиғалардың себептерін терең талдап, олардың алдын алу мақсатында психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіледі, – дейді Әлішер Тілебекұлы.

Ең маңыздысы, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары өрендермен күнделікті тығыз байланыста болып, олардың мінез-құлқын, өмір салтын қадағалап, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізеді. Әрбір жасөспіріммен жеке танысу кезінде оның отбасылық-тұрмыстық жағдайы, ахуалы зерделенеді.

Айта кетерлігі, 19 күндік рейдтік іс- шара барысында полицияға 1404 кәмелетке толмаған бала жеткізілді. Сондай-ақ 1440 әкімшілік құқық бұзушылық , оның ішінде ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаудың 147 жағдайы және 21 жасқа толмаған адамдарға алкогольдік ішімдіктерді сатқан кәсіпкерлер тарапынан жасалған 13 бұзушылық дерегі анықталды.

- Сағат 22:00-ден кейін ата-анасының еріп жүруінсіз жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында болуына байланысты бұзушылықтарға ерекше назар аударылды. Нәтижесінде 1207 заңды өкіл мен 29 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Профилактикалық есепке 37 қолайсыз отбасы және 63 жасөспірім қойылды,- деп мәлімдеді полиция департаменті.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар