Жамбылда кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді
Бұл бағыттағы іс-шараларға полиция қызметкерлерімен қатар білім беру ұйымдарының өкілдері, психологтар және ата-аналар белсенді түрде атсалысуда.
Жамбыл облысы полиция департаменті балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін сақтау құқық қорғау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта өңірде нашақорлықтың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп 5 зияткерлік ойын мен байқау ұйымдастырып, 1 325 дәріс пен түсіндіру әңгімесін өткізді. Сонымен қатар 18 дөңгелек үстел мен 34 ата-аналар жиналысы өткізіліп, аталған шаралар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауына ықпал етті.
Профилактикалық жұмыстар аясында мектеп оқушылары мен студенттерге тыйым салынған заттардың зияны, олардың адам денсаулығына тигізетін кері әсері және есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысқаны үшін көзделген заң алдындағы жауапкершілік кеңінен түсіндірілуде. Сонымен қатар интернет пен әлеуметтік желілер арқылы құқыққа қайшы әрекеттерге тартудың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарының маңында рейдтік шаралар жүргізіп, оқушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін еске салуда. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тасымалдау талаптарының орындалуына және жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі қауіпсіздікке бақылау күшейтілген.
Буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында педагогтер мен психологтардың қатысуымен тренингтер мен тақырыптық кездесулер ұйымдастырылып, жасөспірімдер арасында өзара сыйластыққа негізделген қауіпсіз қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілуде.
Жамбыл облысы полиция департаменті балалардың қауіпсіздігі – ата-аналардың, педагогтердің, құқық қорғау органдарының және қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтеді. Бірлескен жұмыс қана өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.