Жамбылда мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту деректері анықталды
- авторБақытжан Бекболат
- 30 сәуір, 2025
- 238

Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті тарапынан жүргізілген жоспарлы тексеру нәтижесінде «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою» мемлекеттік қызметін көрсету кезінде негізсіз бас тарту фактілері тіркелді, – деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Атап айтқанда, үш азаматқа жұмыс орнынан анықтаманың жоқтығы негіз ретінде көрсетіліп, оларды тұрғын үйге мұқтаждар тізіміне қоюдан бас тартылған. Алайда аталған азаматтар бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері болғандықтан, мұндай бас тарту заңсыз деп танылды.
Қызмет алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Департамент олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған ұсыныстар енгізіп, нәтижесінде аталған азаматтар тұрғын үй алу кезегіне қайта қойылды.
Еске сала кетейік, егер Сіз мемлекеттік қызмет көрсету барысында заңсыз бас тартуға немесе өзге де құқық бұзушылықтарға тап болсаңыз, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне келесі мекенжай бойынша жүгінуге болады: Тараз қаласы, Рысбек батыр көшесі, 8А. Байланыс нөмірі: 8 (7262) 43 88 08. Сонымен қатар, «EgovKzBot» платформасы, «08.Onay.qyzmet» Telegram-арнасы және «E-otinish» бірыңғай электрондық жүйесі арқылы өтініш беруге мүмкіндік бар.