Жамбылда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері Астанаға жөнелтілді
Жәрмеңкеге өнім жіберуге Тараз қаласынан бөлек, 10 аудан атсалысты
Жамбылдық өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтың өнімдері Астанаға жіберілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Астана қаласына баратып өнімдер Тараз шаһарының Асанбай Асқаров көшесінің аяғындағы орталық базардан бірнеше «Камаз» көлігіне тиелді.
Ал, Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярхан таластық шаруа қожалықтардан 4,5 тонна ет өнімдері, 5 тонна қарбыз, 5 тонна алма, 500 килограмм асқабақ, 100 килограмм құрт пен қауыншек жеткізілгенін айтса, Жамбыл ауданынынан да 3 тонна жылқы, сиыр, қой еттері, 500 килограмм шұжық, 25 тонна көкөніс, жеміс –жидек, 15 мың дана жұмырта дайындалған. 22 шаруа қожалық өз өнімдерін ұсынып, үлес қосқан. Мұны бізге Жамбыл ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Амангелді Әбдібеков айтты. Талас ауданы, Кеңес ауылдық округінің әкімі Әділет Әмірбеков ет өнімдерінен бөлек, қымыз, шұбатқа дейін артылып жатқанын жеткізді. Облысымыздағы санитарлық тазалық саласына жауапты департаменттің тағамдану объектілерін қадалау бөлімінің басшысы Жандос Иманбеков сатушылардың қолына киетін қолғаптары мен киімдерінің, тамақ өнімдерінің талапқа сай болуын қадағалап жатқанын айтты.
Сонымен, әулиетеаталық ауыл шаруашылық өнімдері Астана қаласына жіберілді. Бас қала халқын ет өнімдерінен бөлек қымыз, шұбатты да тамсанып сатып алатынына күмәніміз жоқ. Жамбыл облысында өсірілетін көкөніс, бақша өнімдері астаналық тұрғындардың көңілінен шығады деген сенімдеміз.
Айта кетейік, 10 автокөлікке тиелген азық-түлік тауарларының ішінде 33,2 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 4 тонна шұжық өнімдері, 22,2 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 10 тонна қант, 2,5 литр өсімдік майы, 1 тонна кондитерлік өнімдер мен 5,4 тонна макарон өнімдері, 0,4 тонна ас тұзы, 4 тонна балық, 4 тонна ұн, 6,8 тонна бал және 202,3 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.
Елордадағы «Қазанат» атшабарында (Қарақаралы 1 тас жолы) өтетін жәрмеңкеде жамбылдық шаруалар жалпы құны 220,4 млн. теңгені құрайтын 301,8 тонна өз өнімдерін нарық бағасынан 10-20%-ға төмен бағада өткеретін болады. Сондай-ақ, концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, облыстың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді.