Жамбылда оқушыларға білімді ерекше үлгіде беретін мектеп бар
Оқу ордасының басты қағидасының бірі – әрбір оқушының даралығын құрметтеу
Жамбылда оқушыларға білімді ерекше үлгіде беретін мектеп бар, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тегінде, қай ата-ана болмасын өзі жетпеген жетістікке балам жетсін деп жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектеніп, өзі көрмеген кеңістікті де сол көрсін деп тыным таппайды. Расында да тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеген жанның көңіл көкжиегі кең, жағасы алтын, жеңі кестелі болады.
Мектепті бітіргеннен кейін қалаған жоғары оқу орнына түсу үшін қажетті балды жинау – әр оқушының мақсаты. Алайда мақсатқа жету үшін талпыныс аздық етеді. Нақты жүйелі білім негізі керек. Сондықтан жамбылдық жоғары сынып оқушыларының таңдауы көбіне тәрбиесі трендке, білімі брендке айналған «125 UBT SCHOOL»-ға түседі.
Мұндағы білім беру құндылықтары оқушылардың жеке қасиеттерін дамытумен қатар, адамгершілік және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Оқу ордасының басты қағидасының бірі – әрбір оқушының даралығын құрметтеп, еркіндігіне ерік беру. Сонымен қатар мектеп ұстаздары оқу үрдісі бойынша әрбір баланың табиғи қабілетін дамыту үшін қажетті жағдай жасап, білім беру процесінде әрбір оқушыға жеке тұрғыдан түсіністік пен қарауға тырысады. Ең бастысы, мектепте ынтымақтастық пен бірлікке үлкен мән беріледі.
– Мектептің тарихы 2011 жылдан бастау алады. Сол жылдары Тараз қаласында оқушыларға арналған Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық курсы ретінде жұмыс істеді. 2019 жылы «125» мектептер желісінің алғашқысы болып ашылды. Бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде «125» мектептер желісі нәтижелі жұмыс істеп, еліміздің үздік 100 мектебінің қатарына енді. Қазіргі таңда мұнда 40 ұстаз балаларды білім нәрімен сусындатып, 410 оқушы білім алып жүр. Ал осы білім ошағының бала оқытудағы жұмысы 2021 жылы басталды. Сол уақыттан бері жеткен жетістіктерімізді атап айтар болсақ, 2021-2022 оқу жылында ең жоғары 132 балл иегері біздің мектептің оқушысы болды. 2022-2023 оқу жылында Қазақстан бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен Карина Канапиева 137 балл алды. 2023-2024 оқу жылында Асима Абдикаримова 132 балл иегері атанған болатын. Биыл Аружан Есентаева 132 балл жинап, білім деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді. Бұл жетістіктер мектеп ұстаздарының тынымсыз еңбегі мен оқушылардың табандылығының өтеуі және бала оқыту ісінде алдыңғы қатарда екеніміздің айқын көрінісі. Бүгінгі таңда оқу орнында жаңа әрі заманауи мамандықтар – профориентолог, SMM, видеограф, «Human Resources», «Public Relations» атты мамандық иелері еңбек етіп жүр. «Human Resources», «Public Relations» атты жаңа мамандықтарды түсіндіре кетер болсақ, осы маман иелері арқылы мақсатты әлеуметтік медиа жарнамаларын (SMM) қолдана отырып жаңа пайдаланушыларды алуға және қазіргі тұтынушылармен тиімді жұмыс істеуге, бренд туралы хабардар болуға және клиенттердің брендке деген адалдығын арттыруға болады, – дейді мектеп директоры Мақсат Сарыбаев.
Мектептегі тәрбие мен білім біте қайнасқан егіз ұғым. Бұл туралы Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі», – деп, тәрбиеге аса қатты көңіл бөлу керектігін баса айтқан. «125 UBT SCHOOL»-дың өзге мектептерден оқ бойы озық болуының басты себебі – ұстаздардың білім мен тәрбиені қатар қойып, баланың болашағына алынбас қамал салу жолында қателікке жол бермеу үшін барын салуы.
«Дүниеде екі нәрседен қателеспеген адам бақытты. Бірі – жар таңдау, ал екіншісі – мамандық таңдау». Бұл қағида бұрыннан бар. Осы қағидаға терең мән беріп, жоғары сынып оқушыларының болашағына алаңдап, дұрыс мамандық таңдау жолында бағыт-бағдар беріп жүрген профориентолог Даяна Мұхтарханмен жолығып, сөзге тарттық.
– Мектептің 2020-2021 жылғы түлегімін және 11-сыныптан кейін бірден «125»- те өзімнің менторлық жолымды бастап кеттім . Мұнда қалуымның себебі – «125» білім мен тәрбиені қатар ұштастыра білген ыстық мекен. Оқушыларға тек білім берумен ғана шектеліп қоймай, тұлға болып қалыптасуына септігін тигізетін, жан-жақты дамуына барынша көмектесетін дамушы орта. Бастапқы 2 жыл ментор қызметінде, ал қазір профориентолог қызметін де ұсынамын. Ментор деген кім? Ментор тек сынып жетекшісі ғана емес, сонымен қатар оқушының мектептегі нәтижелеріне жауап беретін, ата-ана мен мектеп арасындағы алтын көпір деп те айтсақ болады. Ал профориентолог – қоғам тенденциясы мен оқушының ішкі қалауын негізге ала отырып, оқушыға сай келетін мамандық таңдап беруші маман. «Оқушы деген қап емес, ішіне не болса соны сыйғыза беретін. Ол – шамшырақ. Тек жаға білу керек» дегендей, біздің миссиямыз да осы. Мектебімізге сеніп келген әр оқушының ішіндегі шамшырақты жаға білуіміз қажет. Мектептің кәсіби жолында балаға көмектесіп, таланты мен бойындағы ерекше қасиеттерін байқап, оны дамытуға көп көңіл бөлінеді. Соның нәтижесінде оқушыларымыз шетелдерде де өз жетістіктерімен бізді қуантуда. Қазақстан, Еуропа, Ұлыбритания, Азия және АҚШ-тың үздік оқу орындарынан, оның ішінде Пиза, South Florida, Westminster, North Central университеттерінен жеңілдікпен шақырту алып, грантқа түскен оқушыларымыз да аз емес. Мамандық таңдау – өмірді таңдау. Қазіргі таңда өз мамандығы бойынша немесе диплом бойынша жұмыс істемейтін қызметкерлер саны өте көп. Жаңа мамандықтар атласы жобасының ұсынған статистикасына сәйкес мұндай жандар 82 пайызды құрайды. Осы мәселенің түбіне үңілетін болсақ, кезінде мамандықты дұрыс таңдамағандықтан көбіне олардың өмірде жолы бола бермейді. Кейде оқушылар ата[1]ананың қалауымен, грант санына байланысты немесе досының артынан еріп, өзіне сай емес, өзі қаламайтын мамандықты таңдап жатады. Біздің мектеп тек ҰБТ-мен шектеліп қалмайды, оқушыларымыздың өзінің қалаған мамандығын таңдап, өмірден өз орнын табуына зор жауапкершілікпен ықпал етеді. Оқушыға мамандық таңдау барысында біз дұрыс мамандық таңдаудың маңыздылығын түсіндіру мақсатында ата-анамен, баламен консультациялық жұмыс жүргізіп, оның барлық болмысын ашуға тырысамыз. Оқушының тұлға типін , интеллектісін анықтау үшін түрлі тест аламыз. Әр комбинацияға , әр мамандыққа жеке жеке тоқталып, соңынан баланың мінез-құлқы мен икемі, қабілет-қарымына қарай бағыт-бағдар береміз, – дейді профориентолог Даяна Мұхтархан.
Құндылыққа негізделген білім беру жүйесі ғана балаларды биікке жеткізеді. Әрбір оқушының қоғамға пайдалы, жауапты, саналы азамат болып өсуіне жағдай жасап, оларға қажетті білім мен тәрбиені дарытуды көздегенде ғана биікті бағындыруға болады.
«125 UBT SCHOOL» – тек білім беру орны ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғаның жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін орта. Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, құндылықтарды құрметтеуге баули отырып, білім беру саласында жетістікке жетуді жалғастырып отырғаны көңіл қуантады.
Бір қызығы, аталған мектептен түлеп ұшқан оқушылар саналы түрде осы оқу орталығына қайта оралады. Оған себеп, бұл білім ордасы барлық заманауи қағидаға сай, әрі оқ бойы озық, сайдың тасындай ілімімен іріктелген мамандармен ғана әріптес болуды мақсат тұтады.
Дидар Мұхитов та «125 UBT SCHOOL»-дың түлегі. Бүгінде Дидар мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және HR-маманы болып қызмет атқарады. Дидар мектепті 2021 жылы тәмамдағанда 17 жаста болған. Сол жылы білім алған мектебіне жұмысқа тұрған.
– Жалпы мектептегі мұғалімдерімнің айтуымен және ең үлкен себепкер болған ұстазым Мағжан Әзімбаевтің қолдауымен мектепте жұмысқа қалдым. 11-сыныпқа дейін футболшы болуды армандадым. 11-сыныпта «125 UBT SCHOOL»-ға келіп, ұстаздық жолды таңдадым. «125 UBT SCHOOL» – мен үшін ерекше орта. Себебі өмірімдегі үлкен жетістікке жетуіме себепші болды. Өмірімдегі «Ең алғашқы» деген дүниелерді осы табалдырықта жүріп жасадым. Бұл мектепте ерекше атмосфера бар. 2021-2022 оқу жылында 2 сыныбым мектеп бітірді. Оқушыларымның барлығы 100 пайыз мемлекеттік грант иегері атанды. Сол жылы ҚР бойынша рекордтық 137 балл иегері атанған Карина Канапиева да менің оқушым. 2 жыл ішінде оншақты оқушым олимпиада, ғылыми жоба жүлдегерлері атанды, – дейді Дидар Мұхитов.
Дидардың сыныбы жылдың үздік сыныбы атанып, осыған орай оқушыларымен «Көлсай», «Қайыңды» көлдеріне саяхаттап барған екен. Мектепте үздік мұғалімді, үздік оқушыны, үздік сыныптарды қолдау мақсатында түрлі гранттар, стипендиялар, кешкі ас пен саяхатқа жолдама беріледі екен. Дидар сол қолдауды оқушыларымен бірге сезінгеніне қуанышты.
– Бұл тәрбие мен білім ұштасқан мекен. Миссиямыз – тәрбиелі, бақытты, білімді, құндылығы орныққан, креативті сапалы тұлға қалыптастыру. Мен бірінші орынға білімді емес, тәрбие мен баланың бақытын қоямын. Біз үшін баланың бақытты болуы өте маңызды. Бақытты бала дегеніміз – өз мамандығын өзі таңдаған, өзін мектепте жайлы сезініп, ойын ашық айта алатын бала. Тәрбие әр кез бірінші орында. Бізге оқушының ҰБТ-дан 140 балл алуы маңызды емес, маңыздысы – қоғамға тәрбиелі, пайдалы, сапалы бола алатын оқушыларды шығару . Оқушыларымызға апта сайын соған байланысты тәрбие сағаттары өткізіледі. Тәрбие сағатының форматтары өте ерекше. Себебі тәрбие сағатын мектептің техникалық персоналынан бастап директорға дейін өткізеді. Ата-аналар да тәрбие сағаттарына қатысып, өз тәжірибелерімен бөліседі. Үштік одақ бізде өте үлкен рөл атқарады. Сондықтан ата-ана, бала, ұстаз тығыз жұмыс істейді. 2021-2022 жылы жылдың үздік мұғаліміне «Hyundai Sonata» автокөлігі және де үздік менторларға Біріккен Араб Әмірліктері мен Үндістанға жолдама берілді. Биыл өте ерекше болмақ. Себебі ҰБТ-дан 140 балл алған оқушыға Алматы қаласынан 2 бөлмелі су жаңа пәтер сыйлаймыз. Оқушыларға ай сайын грант, стипендия, түрлі сыйлықтар беріп ынталандырамыз. Ал пәтер, менің ойымша, берілетін сыйлықтардың ең үздігі саналмақ. Себебі мұндай құрмет Қазақстанда қатты бағаланады, – дейді Дидар Ғабитұлы.
Бұл білім ордасында оқушының ойы, ерекшелігі, қабілеті мен таңдауы бірінші орында тұрады. Ұстаздардың мақсаты – бала бойына сіңірген тәрбиені біліммен ұштастыра отырып, нағыз тұлға қалыптастыру.
– Екінші жыл мектепте білім алып жатырмын. Қазіргі таңда сыныбымның президентімін. Президент болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Оқушылардың қалауына құлақ асу, қамқорлық таныту, үлгі көрсетіп қана қоймай, балалармен, ұстаздармен тығыз қарым-қатынаста болуым маңызды. Білімің мен тәртібің өзгелерден алда болуы керек. Ай сайын сынақ тест тапсырамыз. Осы қыркүйек айында ҰБТ форматында тапсырған тест бойынша 129 балл алдым. Мектептің кілті – мұғалімнің қолында. Біздің мектептің үздік болуының себебі – мұндағы ұстаздар өте дарынды. Осы жылы ҰБТ-дан 140 балл алуға ниеттеніп, дайындалып жүрмін. Мен көп армандай бермеймін. Алдыма тек мақсаттар қоямын. Өйткені арман орындалмай қалуы мүмкін, ал мақсатты жоспарлы түрде жүзеге асыру әр адамның жігеріне, талапшылдығына байланысты. Яғни ол өз талпынысыңа, білім-білігің мен ішкі рухыңа, қажыр-қайратыңа байланысты іске асады, – дейді 11-сынып оқушысы Жанель Сариева.
Оқушылар бір-біріне қолдау көрсетуді, қиындықтарды еңсеру барысында ұстаздармен бірге түрлі тәсілдерді игеріп, өмір сүру қабілетін арттыруды мектептен ұққаны абзал. Ал бұл білім ошағы әлі де қанаты қатая қоймаған оқушыларға дәл осы бағытта білім беріп отыр. Сондықтан үздік, сондықтан алда!