Жамбылдағы сұйылтылған газға деген қажеттілік қашан өтеледі
Бүгінгі күні облыста 252 тонна ғана газ қоры бар
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ғалым Исақов «Тенгизшевройл» ЖШС зауытынан өңірге коммерциялық бағамен 2 523 тонна сұйытылған мұнай газы келетінін айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жамбылда газ қондырғысымен жабдықталған көліктердің саны жылдан жылға артып жатыр. Мәселен биыл мұндай темір тұлпар саны 29 437 бірлікке жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 549 көлікке көп. Онымен қоса, облыс аумағы арқылы Батыс Еуропа-Батыс Қытай автокөлік жолының 558 шақырымы өтетінін ескерсек, еліміздің оңтүстік бөлігін солтүстік, батыс, шығыс аймақтарын байланыстыратын транзиттік аймақ екені белгілі. Сол үшін де жаз мезгілінде транзиттік жүк, жолаушы және шет елдерінде тіркелген автокөліктердің қарқыны 2 есе артады. Бұл өңірдегі сұйылтылған газ тапшылығына сеп болады. Жамбылдағы газдың қасқалдақтың қанындай болуын энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ғалым Исақов осылай түсіндіреді. Оның сөзінше, бүгінгі күні Жамбыл облысы үшін сұйытылған мұнай газының айлық қажеттілігі 8,0 - 8,5 мың тоннаны құрайды. Осы орайда өңірге үкіметтен бөлінген әлеуметтік газ көлемі жыртығымызды жамамай отыр.
Басқарма басшысы өндіруші зауыттардан сұйытылған мұнай газын ертерек жөнелту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Сондай-ақ, тамыз айына «Тенгизшевройл» ЖШС зауытынан обысымызға коммерциялық бағамен 2 523 тонна сұйытылған мұнай газының келуі жоспарланып отырғанын жеткізді.