Жамбылда жарылыстан көз жұмғандардың жақындарына қандай көмек көрсетіледі
Жамбылда жарылыстан көз жұмғандардың жақындарына қандай көмек көрсетіледі
Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағы тазартылуда. Сонымен қатар, қорғаныс ведомствосының өкілдері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жүргізеді. Қорғаныс министрлігі тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау және басқа да көмек туралы бізге Бас штабы бастығының орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Жақсығалиұлы Борамбаев жан-жақты айтып берді. Жамбыл облысындағы төтенше оқиғалар кезінде қайтыс болған және жарақат алғандар отбасына көмек көрсету бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр? - Қорғаныс министрлігің басшылығы атынан және Қарулы Күштердің бүкіл жеке құрамының атынан мезгілсіз қаза тапқан біздің жауынгер достарымыздың отбасыларына және Төтенше жағдай министрлігінің қызметкерлерінің отбасыларына көңіл айта отырып, айтқым келеді: олар өздерінің ерлігімен бізге үлгі болып әрдайым біздің жүрегімізде сақталады. Қорғаныс министрлігінде қайтыс болған әскери қызметшілер отбасыларына және емдеу орындарында жатқан әскери қызметшілерге көмек көрсету мақсатында мобильді топтар құрылды. Топтар құрамына психологтар, заңгерлер, қаржыгерлер, отбасылық қызмет және т.б. кірген. Қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына және емдеу мекемелерінде жатқан әскери қызметшілерге әлеуметтік, психологиялық және материалдық көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылды. Отбасы мүшелерімен жұмыс қызметтерімен балаларды мектепке даярлау бойынша жұмыстар жүргізілді. Қаза тапқан әскери қызметшілердің және Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерінің отбасыларына ерікті қаржылай көмек көрсету үшін қор құрылды. Қарулы Күштердің жеке құрамы бір күндік жәрдемақыны қорға аудару туралы шешім қабылдады. Қорғаныс министрлігі балаларды өз қамқорлығына алды. Бұл жұмыс одан әрі үнемі жүргізілетін болады. Сонымен қатар, Қарулы күштер кәсіподағы жұмысшыларымен қызметші У.Д.Дәлібаевтың отбасына қаржылай көмек көрсетілді. - Ал жалпы қайтыс болғандардың отбасыларына қандай қаржылай көмек көрсетіледі? - Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жерлеуге кеткен шығындар, ақшалай жәрдемақы көлемінде 5 жылға біржолғы төлемдер беріледі. Сонымен қатар, тұрғын үй үшін өтемақы төлеу қарастырылған, оның мөлшері отбасы мүшелерінің санына байланысты әр отбасы үшін жеке анықталады.