Жамбылда жайылымдағы жылқыны атып алып кеткен күдіктілер ұсталды
Тергеу амалдары жалғасуда
Талас ауданының тұрғыны жайылымдағы жылқыларын тексеру кезінде іс-әрекеттері күдік тудырған «Volkswagen Passat» маркалы автокөлігіндегі адамдарды байқап, учаскелік полиция қызметкеріне хабар берген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Полиция қызметкерлерімен жедел шаралар қабылданып, автокөлік Үшарал ауылы маңында тоқтатылды. Тексеру барысында көліктің жүк салғышы мен салонынан бір бас жылқының бөлшектелген еті, сондай-ақ мал союға арналған құралдар мен аңшы мылтығы табылып, тәркіленді.
Күдіктілер жайылымда жылқыны атып алып, сол жерде сойғаны белгілі болды.
- Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі - 188-1 бабы 2-бөлігінің 1) тармағымен (адамдар тобы болып, мал ұрлауға оқталу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер — 49 және 65 жастағы екі ер адам кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Көлік арнайы айып тұрағына қойылды, - деп мәлімдеді ПД.
Тергеу амалдары жалғасуда.
- Полиция қызметкерлерімен жүргізілген талдауға сәйкес, мал ұрлығының басым бөлігі жайылымдардан жасалатынын көрсетті. Бұл көбіне мал иелерінің малды ұзақ уақыт бойы қараусыз қалдыруымен байланысты. Жамбыл облысы Полиция департаменті азаматтарды өз малдарын қараусыз қалдырмауды, чип құрылғыларын салуды, құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзбеушілік» танытып, күдік тудырған жағдайлар туралы тез арада хабарлау — қылмыстарды жедел ашуда үлкен көмек екенін ескертеді, - делінген хабарламада.