Жамбылдық 24 сарбаз әсери борышын өтеуге аттанды
- авторМағжан Орынбасар
- 13 қазан, 2024
- 293
Жамбылдық 24 сарбаз әсери борышын өтеуге аттанды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Отанның тыныштығы – зор байлық. Еліміздің әрбір азаматы Отанын қорғауға, еліміздің тыныштығын күзетуге міндетті. Сондықтан, денсаулығы мықты әр азаматқа әскерге бару – парыз.
Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде облыстық қорғаныс істері департаментінің ұйымдастыруымен «Отанды қорғау – міндетің» атты жастарды әскерге шығарып салу рәсімі өтті. Яғни, 24 жамбылдық Астанаға мемлекеттік күзет қызметіне әскери борышын өтеуге аттанды. Осыған орай, әуелі экраннан ролик көрсетілді. Ол жерде мемлекеттік күзет қызметінің мақсаттары мен міндеттері айтылып, сол қызметте борышын өтеп жүрген сарбаздардың өмірі ел назарына ұсынылды. Іс-шараны облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Ерлан Маханов ашып, Отан қорғауға аттанып бара жатқан жастарға сәттілік тіледі.
«Ел үмітін ақтау – сіздерге парыз. Мемлекеттің әскери саласына сапалы қызмет етіп, баршаңыздың үйлеріңізге аман-сау оралуларыңызға тілектеспін», – деді ол.
Мұнан соң Ауған соғысының ардагері Әлімжан Ерниязов, «Интернационалдық жауынгерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Керім Ізбасаров сөз алып, өздерінің әскери қызметте болған кездерінен естеліктер айтып, жастарға жігер бере сөйледі. Сарбаздардың ата-аналары атынан мемлекеттік күзет қызметінде болған Әділет Нұржауов сөйлеп, сарбаздардың жолының ақ болуына тілек білдірді.
Келесі сәтте Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкілі, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев әскерге аттанып бара жатқан жастарға бата берді.
Мұнан соң барша шақырылушылар атынан сөз алған әскерге атанып бара жатқан Алдияр Жұмабек сөз алып:
«Қадірлі ағалар! Ардақты ата-аналар мен достар! Бүгін бізді сапарға шығарып салып отырған баршаңызға рахмет. Әскери борышты өтеу – ер азаматқа парыз. Сондықтан, сіздердің сенімдеріңізді ақтауға күш саламыз. Отанға қызмет етуге дайынбыз. Қазақстан Қарулы Күштерінің және Отанымыздың мәртебесі асқақтай берсін», – деді.
Осылайша, жамбылдық 24 азамат әскерге шығарып салу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Жалпы, биыл күзгі шақыру кезінде әскерге жамбылдық 1600 азаматты жіберу көзделіп отыр.
Қорғаныс министрлігінің өкілі мерзімді әскери қызметке шақырудың ерекшеліктеріне тоқталған еді.
ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаевтың айтуынша, әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазы азаматқа жеке өзіне немесе жұмыс/оқу орны бойынша ұйым басшыларына қол қойғызып немесе смс-хабарлама арқылы тапсырылады. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органдарына жүктеледі.
«Мерзімді әскери қызметке шақырылудан бас тартқаны үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Денсаулық жағдайын тексеру және әскери қызмет өткеруге жарамдылық дәрежесін тексеру үшін әскерге шақырушылар аудандық және облыстық медициналық комиссиядан медициналық тексеруден өтеді. Әскерге шақырушыларды медициналық куәландыру нәтижесі бойынша әскери шақыру комиссиясы әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешім қабылдайды. Сонымен бірге аудандық әскерге шақыру комиссиясы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру және ҚР Қарулы күштері тиісті түрі мен тегіне, басқа да әскери құрылымдарына тағайындау туралы шешім қабылдайды. Ауыл шаруашылық факультетін бітірген әскерге шақырылушылар Құрлық әскерлеріне жіберіледі. Ал математика, физика және инженерлік, экономикалық факультетті бітірген жастар көбінде әуе қорғаныс күштері мен әскери теңіз күштерін жасақтауға жолданады. Ал десанттық шабуылдау әскерін жасақтау үшін әскерге шақырушыларды іріктеу жалпы орта білімнен төмен емес білімі бар, дене бітімі жақсы азаматтар қатарынан жүзеге асырылады», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Айта кетейік, өткен жылы биыл келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің жалақысы 30 пайызға арттыру жоспарланып жатқаны айтылған. Бұл ұсынысты ҚР Үкіметі қараған еді.
Сол уақыттағы айтылған мәселелер мынадай:
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Қарулы Күштерінде жастарды автоматтандырылған режимде тіркеудің пилоттық жобасы басталады. Бұл шара миллиард теңгеден аса бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Олар медициналық комиссия мүшелеріне еңбекақы төлеу, шалғайдағы ауылдық округтерден жастарды жеткізу шығындары, кеңсе тауарлары және басқа да қажеттіліктер үшін пайдаланылады.
Мерзімді қызмет өткергеннен кейін запасқа шығарылған әскери қызметшілер үшін қазақстандық жоғары оқу орындарында 3 000 грант беріледі. Жобаға 70-тен аса жоғары оқу орны қатысады. Мемлекеттік грант иегері атанған үздік сарбаздар шәкіртақымен қамтылып, жатақханадан орын алу құқығына ие болады. Сарбаздар ЖОО-ға ҰБТ тапсырмай түсе алады.
2024 жылдан бастап Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың барлық әскери қызметшілері үшін бірыңғай далалық киім нысаны енгізіледі. Киімнің далалық формасын біріздендіру барлық күш құрылымдарының (МКҰ-дан басқа) әскери қызметшілері үшін далалық киім-кешектің стилі мен түсінің біркелкілігін келтірудің ең маңызды мәселесі болып саналады. Бұл өзгерістерге бюджеттен қосымша қаржылық шығын шықпайды.
Қазақстан БҰҰ миссиясы шеңберінде өзінің қатысуын кеңейтуде. 139 әскерден тұратын бітімгершілік контингент заң жобасын ел парламенті мақұлдаған кезде 2024 жылдың наурыз айында Голан биіктік аймағына жіберіледі. Негізгі міндеттері: БҰҰ тиісті қарарының талаптарының орындалуын қадағалау және аумақтарды патрульдеу.
Қазақстанның Әскери-теңіз күштеріне «БК-16» екінші диверсияға қарсы қайық жеткізіледі. Біріншісі 2023 жылы жеткізілді. Кеменің тактикалық-техникалық сипаттамалары жағалау аймағында және ішкі су айдындарында көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. 19 адамға дейін «БК-16» десанты брондалған арқалықтары бар амортизациялық креслоларға орналастырылады.
Қарулы Күштерде Қарулы техника мен оқ-дәрілерді әскери жөндеу мүмкіндіктерін арттыру мақсатында 2024 жылы Алматы, Ақтау, Теміртау, Қонаев қалаларында және Гвардейский қалалық үлгідегі кентте 5 жаңа жөндеу-қалпына келтіру бөлімшесі құрылады.
2024 жылы Ақтөбе облысындағы Жем әскери қалашығында нысандар салынады. Сондай-ақ Алматыдан 50 шақырым жерде орналасқан Жетіген елдімекенінің әуеайлағының ұшу алаңының элементтеріне күрделі жөндеу жүргізіледі. Казармалар мен тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің спорт комитетінен 36 спортшы Олимпиада ойындарында өнер көрсетеді. Париждегі жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілдесінен 11 тамызына дейін өтеді.
2024 жылға Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, №1 Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарланған.
«Айбын» жыл сайынғы республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны 2024 жылы Алматыда өтеді. Әдетте жастарды жинау Қарағанды облысының Спасск қаласындағы әскери бөлімнің аумағында жүргізіледі.
Ұқсас жаңалықтар
Қордай ауданы мешіт салу бойынша көш бастап тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024