Жамбылдық дәрігерлер емдеудің жаңа әдісін енгізді
Жамбылдық дәрігерлер емдеудің жаңа әдісін енгізді
Облыстық «Ана мен баланы аялау орталығында» «айна терапиясы» әдісі енгізілді. Мидың визуальды және қимыл-әрекеттік аймағын белсендіретін әдіс – инсультпен ауырған науқастарды қайта қалпына келтіру және жалпы аурудың пайда болуының алдын алуға септігін тигізеді. Эрготерапия әдісімен оңалту барысында қолданылатын емдік іс-шаралардың барлығының орны ерекше. Бұл әдіспен емделушінің өмір сүру сапасын жақсартуға, күнделікті қалыпты іс-әрекеттерді орнатуға, өзіне-өзі қызмет жасай білуіне мүмкіндік тезірек туғызуға болады. Күн сайын жасалатын 10 минуттық кешенді ем арқылы науқас ампутацияланған аяқтардағы фантомды аурулардан құтыла алады. Емделуге келген пациенттердің кем дегенде үштен бірінің ауырсынудан толық айығып кетуіне мүмкіндігі бар. Бұл ем-шара барысында науқас айнаны үстел үстіне ыңғайлы етіп қойып, емдейтін мүшесін артына жасырып, ал сау қолымен айна алдында жұмыс жасайды.
Айна терапиясының жұмыс істеу механизмдері әлі толық зерттелмеген. Адамның миы түрлі жүйелер мен сезімдерден ақпаратты пайдаланады. Сондықтан адамға сау қозғалатын қолды көрсете отырып, миы оның екінші қолды қозғала алатынына және мүлде зақым келтірмейтініне сендіру керек. Ми – орталық нерв жүйесін меңгеру торабы болғандықтан, адамның қимыл әрекетін реттеп отырады. Ол адам баласының күні бойғы қызметінің өту тәртібін біледі. Оның қалыпты қызметі бұзылса, адам дәл үйлесімді қимылынан айырылып, дененің тепе-теңдігін сақтай алмайды. Сондықтан, айна алдында адамның өзін-өзі көре отырып басқаруы – ми арқылы емделуге мүмкіндік туғызады екен. Алдағы уақытта бұл әдіс инсульттен кейінгі науқастарды қайта қалпына келтіру үшін кеңінен қолданылатын болады. Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз орталығы