Жамбыл жаңалықтар

Жамбылдық кәсіпкерлерге алаяқтық әрекеттерден сақ болу туралы ескерту жасалды

Бизнес өкілдеріне қатысты тергеу әрекеттері тек нақты дәлелдер мен залал болған жағдайда ғана жүргізіледі

Өңірде ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге алаяқтық әрекеттерден сақ болу туралы ескерту жасалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Самат Қойбақов мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы уақытта ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидиялар мен жеңілдікпен берілетін жанар-жағармайды алдау жолымен иеленуге тырысатын алаяқтар көбейіп келеді. Олар жалған құжаттар жасап, кәсіпкерлердің атынан түрлі төлемдер рәсімдеуге тырысады.

 

 

Департамент Мемлекет басшысының және Қаржылық мониторинг агенттігі басшылығының тапсырмасына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу барысында кәсіпкерлердің құқықтарын сақтауға ерекше мән беріп келеді. Атап айтқанда, бизнес өкілдеріне қатысты тергеу әрекеттері тек нақты дәлелдер мен залал болған жағдайда ғана жүргізіледі.

Спикердің айтуынша, қазір департамент жанынан құрылған арнайы талдау орталығы қаржы пирамидалары, салықтан жалтару, бюджет қаражатын жымқыру сияқты бағыттар бойынша ақпарат жинап, оларды тек уәкілетті органдармен қайта тексерген соң ғана іс қозғайды. Бұл — адал кәсіпкерлерді қорғаудың басты механизмі.

 

 

2024 жылы және 2025 жылдың өткен айларында облыстағы кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу деректері тіркелмеген. Бұл – қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарының толық қорғалуын қамтамасыз ету шараларының нәтижесі. Сонымен қатар, тергеу кабинеттері толық бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.

Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Кәсіпкерлер палатасының өзара қарым-қатынасы жоғары деңгейде. 2024 жылы – 38, ал 2025 жылдың өткен кезеңінде 5 бірлескен іс-шара ұйымдастырылған. Олардың ішінде: көлеңкелі экономиканың үлесін азайту, ауыл кәсіпкерлеріне дизель отынын жеткізу, субсидиялардың әділ бөлінуі, азық-түлік қауіпсіздігі, қаржылық пирамидалардың алдын алу және тағы басқа тақырыптар қамтылған.

Кәсіпкерлерге арналған ашық диалогты қамтамасыз ету үшін департамент басшысы ай сайын Палата алаңында жеке қабылдаулар өткізеді. Аталған кездесулерде көтерілген мәселелер бойынша дөңгелек үстелдер мен уәкілетті органдардың қатысуымен кездесулер де ұйымдастырылып келеді.