Жамбыл жаңалықтар

Жамбылдық полицейлер жүзден астам автокөлікті заңдастырды

Жамбылдық полицейлер жүзден астам автокөлікті заңдастырды

Ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бері Жамбыл облысында шетелдік көлікті заңдастыру акциясы бойынша қазақстандық есепке 114 автокөлік қойылды. Олардың басым бөлігі Қырғызстаннан келген көліктер. Жалпы бүгінге дейін 1500-ден астам адам заңдастыруға өтініш білдірген. Бүгінгі күннің өзінде 12 көлік заңдастыру рәсімінен өтіп, олардың иелері қазақстандық тіркеу куәліктері мен мемлекеттік нөмірлерін алды. - Заңдастыруға қатысты азаматтарда қандай сұрақтар болса да, біз әрдайым көмектесуге дайынбыз. Мысалы, Қырғызстаннан әкелген "Тойота Камри" маркалы автокөліктің иесі өз бетінше egov.kz. сайты арқылы өтініш бере алмай тұрғандығы туралы жүгінді. Біз оған өтінімді ресімдеуге, барлық рәсімдерден кезең - кезеңімен өтуге көмектестік, иесі автокөлікті қазақстандық есепке қойып үлгерді, - деді Жамбыл облысы ПД ӘПБ процессинг орталығының бастығы полиция майоры Айбек Көшеков. Заңдастыру өте белсенді түрде жүргізілуде, шетелдік автокөліктердің иелері қажетті құжаттарды ұсынады және заңдастырудың барлық кезеңдерінен еш кедергісіз өтеді. Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік корпорация мемлекеттік қызмет көрсету бойынша құжаттарды қабылдауды жүзеге асыратын арнайы ХҚКО-ның жұмыс кестесін өзгерту туралы шешім қабылдады. Олар 2023 жылғы 6 ақпанға дейін дүйсенбі мен сенбі күндері аралығында, сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.