Жамбылдық шенеуніктер кабинеттерінен шықты
- авторjambylinfo.kz
- 11 қыркүйек, 2020
- 202
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы - халық пен мемлекет арасындағы ынтымақтастық пен өзара байланыстың негізі.
Осы бастаманы жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облысында апта бойықоғамдық қабылдау өтті.
Шенеуніктер және құқық қорғау органдары шалғай ауылдармен қатар, облыс орталығында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ең өзекті мәселелер көтерілді. Бірқатар түйінді түйіткілдердің түйіні сол сәтте шешімін тапты.
Айталық, Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев "Дос-Нар" сауда үйінің алдында қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Тұрғындар сағат 10:00-ден кешкі беске дейін, шаһар басшысының алдында түрлі мәселелерді көтерді. Олардың қатарында абаттандыру, жолдың сапасы, көшені жарықпен қамтамасыз ету мәселелері болды.
Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Әбдірахман Қалмаханов Радников көшесіне асфальт төсеп беруді өтінді. Оның айтуынша, аталған жол осы уақытқа дейін жөндеу көрмеген.
- Қазір көшеміздегі су құбырларын ауыстырып жатыр. Асфальт болмағандықтан лай-батпақты кешуге мәжбүрміз. Бұл жағдай ерте күзде жаңбыр жауғанда, қыста жиі қайталанады, - дейді Ә.Қалмаханов.
Қала әкімі аталған мәселені жылдың соңына дейін шешіп беруге уәде берді.
Жуалылықтарда өздерін уайымға салған мәселелерін аудан әкіміне жеткізуге мүмкіндік алды. Ол үшін Нарбай Ергебеков Қызыларық ауылдық округі әкімдігінің алдында қабылдау өткізді. Елді мекенді абаттандыру жұмыстарының бұл жерде де өзектілігі байқалды. Сондай-ақ, суармалы сумен қамту, жолдарды жөндеу,көшелерді жарықтандыру, жолаушылар тасымалы және жерді тиімді пайдалану бойынша сауалдар көтерілді.
Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулеттің бірінші кездесуі Қаракемер ауылында өтіп, тұрғындарды толғандырған мәселелер өз шешімін табатын болды.
Азаматтарды қабылдау кезінде жауапты мамандар өтініштерді қабылдап, мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты сауалдарға жауап берді. Жамбылдықтар халық пен билік арасындағы бұл байланыс түріне оңбаға берді.
-Пандемия кезінде әкімдікке баруды айтпағанда, үйден, тіпті дүкенге сирек шығатынмын. Үйімнің маңында қоғамдық қабылдау өтетінен хабардар болып, қуандым. Біз көршілерімізбен бірге қол жинап, әкімдікке өтінішімізді апарамыз деп жоспарлап отырғанбыз, іздегенге сұраған әкімнің өзі келді. Әрине, осы мүмкіндікті пайдаланып, өтінішмізді тікелей әкімге жеткізді , - дейдізейнеткер Ида Шадрина.
Пандемияға байланысты қоғамдық қабылдаулар ашық аспан астында барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізілгенін атап өткен жөн.
Облыс әкімінің бастамасымен алдағы уақытта осындай көшпелі қоғамдық қабылдаулар тоқсан сайын ұйымдастырылып тұрмақ. Бұл бағыттағы алғашқы кездесу осы жылдың маусым айында өткен болатын.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз