Жамбылдық жас айтыскер республикалық байқауда жеңімпаз атанды
Байқау Астана қаласында өтті
Жамбылдық айтыскер Әсемай Сейдакбарова республикалық оқушылар байқауында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Астана қаласында ХІ “АҚБЕРЕН” республикалық оқушылар байқауы өтті. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген жас өнерпаздар келген.
Ауқымды байқауда “Айтыс” бағыты бойынша жерлесіміз Әсемай Сейдакбарова жүлделі І-орын иеленіп, үмітті ақтады.
Жас айтыскердің ұстазы әрі жетекшісі, белгілі ақын Есет Досалының сөзінше, биыл байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Соған сай дайындықтың да осал болмағанын айтты.
Айта кетейік, жас айтыскер Әсемай Сейдакбарова Талас ауданы Қаратау қаласындағы А. Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы.
Биылдың өзінде бірнеше республикалық айтысқа қатысып, жүлделі орындарды еншіледі. Мәселен, Талдықорған қаласында өткен «Жыр алыбы Жамбылым» атты айтыста Есенқұл Жақыпбеков атындағы арнайы сыйлыққа ие болды.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласында өткен республикалық айтыста үшінші орын иеленіп, жерлестерін қуантты.