Жамбыл жаңалықтар

«ЖамбылЖарықСауда» компаниясы электр энергиясын 73 пайызға қымбаттатпақ

Бұрын 1 кВт қуат үшін 17 теңге төлеген жамбылдықтар енді 29 теңге төлеуі мүмкін

1 наурыздан бастап жамбылдықтар  1 кВт электр энергиясы үшін 17 теңге 17 тиынның орнына 29 теңге 83 тиын төлеуі мүмкін. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облыстық департаментінде өткен жиында белгілі болды, деп хабарлайды Jambylinfo.

 Өңірді энергиямен қамтып отырған «ЖамбылЖарықСауда-2030» серіктестігі бағаның өсуін бірыңғай сатып алушының өнім бағасының қымбаттатуы және жеткізілім үстемесінің өсуімен байланыстырады. Осылайша, биыл 1 наурызынан бастап тұрғындар үшін баға 1 кВт электр энергиясының бағасы 17,17 тг-ден 29,83 тг-ге, ал заңды тұлғалар үшін (ЖК, ЖШС,ШОЮ субьектілері) – 25,63 тг-ден 34,20 тг-ге қымбаттамақ.

Айта кетейік, электр энергиясын тұтынушылар үш топқа бөлінеді:

  • тұрмыстық тұтынушылар - жеке тұлғалар (азаматтар);
  • тұрмыстық емес тұтынушылар – заңды тұлғалар (жеке кәсіпкерлер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және ШОБ субьектілері, т.б.);
  •  бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік органдар (мектептер, ауруханалар және т.б.);

ТМРК өңірлік департаменті басшысы  Алмат Әбдірайханның айтуынша, жаңа жылдан бастан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді. Ол заң бойынша енді кепілдендірілген көзден электр энергиясын сатып алу құқығы алынып тасталған. Енді бюджеттік ұйымдар  мұны тұрақты түрде мемлекеттік сатып алу конкурстары арқылы жүзеге асыруы керек.

Дегенмен, қазіргі таңда «ЖамбылЖарықСауда-2030» ЖШС-нен бөлек мемлекеттік сатып алуға қатысатын бәсекелес энергиямен қамтамасыз етуші компаниялар да пайда болған. Олар конкурс кезінде салыстырмалы түрде 1-2 тг-ге төмен баға ұсынады. Сәйкесінше, өңірдегі мемлекеттік органдар бюджетті үнемдеу мақсатында арзан баға көрсеткен компанияны таңдайды. Осылайша, келісім шартқа отырған 756 бюджеттік компанияның 35 пайызы ғана «ЖамбылЖарықСауда-2030» серіктестігіне тиесілі. Қалған 75 пайызын энергиямен қамтамасыз ететін өзге компаниялар жеңіп алған. 

Бұған дейін өңірлерге электр қуатын бекітілген баға бойынша кепілдендірілген заңдылықта «KEGOK» АҚ жеткізіп отыратын. Ал қазір,  аукциондарды Энергетика министрлігінің еншілес ұйымы «КОРЕМ» АҚ –ы ұйымдастырады. Ол - электр энергиясы мен қуат нарығының қазақстандық операторы. 

Кәсіпорынның бас инженері де бұл келеңсіздіктермен келісіп отыр. Оның айтуынша,өткен қаңтар айының өзінде компания 280 миллион шығынға ұшырады.

Сондай-ақ, Бақытхан Әлімханов Жамбылдағы ірі өндіріс орындарының өзі жарық беруші кәсіпорынмен келісім-шартқа  отырмағанына күйлікті.  Мәселен,  Атырауда энергиямен қамтамасыз етуші ұйымдар кәсіпорындарды 70% электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Ал,Таразда бұл көрсеткіш бар-жоғы  15% ғана құрайды.