Жамбыл жаңалықтар

Жарқын жоба аясында тағы бір отбасы баспаналы болды

Жарқын жоба аясында тағы бір отбасы баспаналы болды

Байзақ ауданы Бәйтерек ауылдық округінде «Асарлатып үй салу» жобасы аясында жалғызбасты, екі баланың анасы Насиба Юлдашева баспаналы болды. Айтулы шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасымен бүгінгі күнге дейін ауданымызда 6 үй пайдалануға берілгендігін атап өтті. Ауыл тұрғындарының ынтымағы мен ауызбіршілігін көрсеткен игі бастаманың маңызына тоқталып, атсалысқан жомарт жүректі азаматтарға алғысын айтты. Бәйтерек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жиенғали Жұмағұлов аталған жобаның шарапаты мол екендігіне жеткізді. Бұдан соң қайырымды істің бел ортасында болып, демеушілік танытқан азаматтарға құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, тұрғын үйдің салынуына айрықша үлес қосқан жеке азаматтар мен кәсіпкерлер аудан әкімі, аудандық мәслихат және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жеке кәсіпкер Бақытжан Жұмабековтің демеушілігімен тұрғын үйдің төңірегіне еуроқоршау тұрғызылған. Кең жүректі Эльмурат Күнибеков тұрғын үйдің есіктеріне, линолеум, кілем, әрлеу материалдарымен қамтамасыз етіпті. Кең жүректі Омарали Халиев баспана иесінің қорасына 3 бас қойды байлап, жем-шөп жеткізіп беріпті.Сондай-ақ, мәрт азаматтардың қолдауымен балалар керуеті, асхана жиһазы, шағын стол мен орындық алынған екен. Жақсылыққа ұмтылған жандар арқылы қоныс тойын тойлап отырған отбасының қуанышында шек жоқ.