Жамбыл жаңалықтар

Жарты миллиард қаржыны жымқырған әке мен бала: шетелге қашқан жамбылдық шенеуніктер жайлы жаңа деректер анықталды

Облыста бюджеттің бүйірін тескен 3 азаматқа іздеу салынған

Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жағыпар Исатаевтың айтуынша, былтыр жарты миллиард қаржыны жымқырып, қылмыстық қудалаудан қашып жүрген 5 адам ұсталған, деп хабарлайды  jambylinfo.kz

Жағыпар Исатаевтың сөзінше, қаржыға құныққандардың бірі мектепке бөлінген ақшаны жеке мүддесіне жұмсаса, кейбірі шаруаларға берілетін субсидияны заңсыз иемденген. Бүгінгі күні олардың ісі сотқа жолданған. Департамент өкілі мәлімдегендей, мемлекеттің қаржысын қалтаға басқандардың ең ірі сомасы 310 млн теңге.

Сондай-ақ бүгінгі күні жамбылдық 3 азамат іздестіріліп жатыр. Оның ішінде «Таразэнергоцентр» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Бақберген Мәуленов пен оның ұлы Рахат Бөлдеш те бар. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісінің сөзінше, аталған 3 тұлғаның 2-еуі шетел асып кеткен. Оларға халықаралық іздеу жарияланған.

Айта кетейік, «Таразэнергоцентр» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Бақберген Мәуленов пен оның ұлына бақылаудағы ұйымның директоры Рахат Бөлдешке мемлекетке тиесілі 4,3 миллиард теңгені жымқырды және жалған кәсіпорындар құрған желі арқылы ақшаны жылыстатты деген айып тағылған болатын. Деректерге сүйенсек, «Таразэнергоцентр» АҚ-ның экс-төрағасы сотқа келмеген. Артынша іздеу жарияланған.