«Жас бүркіт»: Ұлттық ұланның әскери-патриоттық клубы мектеп өміріне оң өзгеріс әкелуде
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы жасөспірімдермен жүргізілетін жүйелі жұмыстың мектеп өмірінде нақты нәтижелер беретінін іс жүзінде дәлелдеп келеді.
Сөзіміздің айғағы – Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылдық округіндегі №6 орта мектеп. Аталған білім ордасында соңғы үш жыл ішінде оқушылар арасында бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мұндай оң нәтиже 2023 жылы мектеп пен Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5513 әскери бөлімі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін мүмкін болды.
Мектеп базасында командалық-тактикалық пункт үлгісінде жабдықталған заманауи
алғашқы әскери дайындық сыныбы, сондай-ақ ерекше «әскерилендірілген TikTok-хаус» жұмыс істейді. Клуб тәрбиеленушілері әлеуметтік желілерде белсенді болып, патриоттық бағыттағы бейнероликтер мен подкасттар түсіреді. Бұл өз кезегінде қатарластарын қызықтырып, мектеп ішінде жағымды орта қалыптастыруға ықпал етуде.
Аталған креативті тәсіл жоғары бағаланды. «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы Жамбыл облысы әкімінің грантын жеңіп алып, жобаны дамытуға 1 миллион теңге көлемінде қаржы иеленді.
Клуб жұмысының табысты жүзеге асуына алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы запастағы капитан Самат Керімжановтың және әскери-патриоттық бағытты тұрақты қолдап келе жатқан мектеп әкімшілігінің үлесі зор. Ұлттық ұлан офицерлерінің қатысуымен де оқушылар үшін жүйелі түрде тәжірибелік сабақтар мен кездесулер өткізіледі. Бұл шаралар барысында жасөспірімдер әскери қызметтің негіздерін меңгеріп қана қоймай, Отан қорғаудың маңызын әскери қызметшілердің өз ауыздарынан естіп, әскери мамандықтарға қызығушылық қалыптастырады.
Бұл ауқымды жұмыстың нәтижесі түлектердің мамандық таңдауынан да айқын көрінеді. Жыл сайын мектеп түлектері әскери жоғары оқу орындарына тұрақты түрде оқуға қабылданып жатыр. Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан Академиясында «Жас бүркіт» клубының екі тәрбиеленушісі курсант ретінде білім алуда.
Айта кету керек, «Жас бүркіт» қозғалысының дамуы кең ауқымды сипатқа ие. Қазіргі таңда Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде 31 әскери-патриоттық клуб жұмыс істейді. Ұлттық ұлан қамқорлығындағы 42 мектеп пен бір колледжде 70 «Жас бүркіт» сыныбы ашылған. 1400-ден астам оқушы әскери қызметтің негіздерін қамтитын бірлескен жоспарлар бойынша білім алып жатыр. Осы уақытқа дейін 500-ден аса әскери-патриоттық іс-шара өткізілді.
Байзақ ауданының №6 орта мектебі мен Ұлттық ұланның бірлескен жұмысы патриоттық тәрбиенің жасөспірімдер арасында тәртіп, жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруда нақты нәтиже беретінін көрсетіп отыр.