«Жас өнертапқышқа жарты миллион теңге беріледі». Жамбылда алғаш рет «Zhambyl Idea Battle 2024» байқауы өтіп жатыр
Республика көлеміндегі ең ірі сайысқа барлығы 30 жоба іріктелді
Биыл Жамбылда алғаш рет IT саласындағы стартап жобалар арасында ауқымды байқау өтіп жатыр. Жас стартаперлерге үлкен мүмкіндік сыйлаған жарысқа 30 команда қатысады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Zhambyl Idea Battle 2024» байқауының жартылай финалы басталды. Онда өңірдегі жоғары сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері IT саласындағы стартап жобаларын ұсынуға мүмкіндік алды.Бұл ретте Халықаралық Тараз инновациялық институты жас стартаперлерге жаңа жобаларды қорғау үшін алаң ұсынып келеді.
Табысты IT-стартаптар студенттердің жұмысқа орналасып кетуіне кепілдік береді, инвестиция тартады және аралас салалардың дамуына үлес қосады. Іс-шара барысында қатысушылар ұсынған бастамаларға халықаралық Astana Hub IT технопаркінің аймақтағы өкілдігі Жамбыл HUB қолдау көрсетеді.
Сайыс барысында командалар өз жобаларын ұсынуға және қазылар алқасының сұрақтарына мінсіз жауап беруге барынша тырысты. Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы «Агроботика» деп аталатын жоба ұсынып, шаруалардың жұмысын жеңілдетпек.
Айта кетейік, 23 мамырда өтетін ақтық сайысқа 10 стартап қана жолдама ала алды. Жүлде қоры 500 мың теңге. Жеңімпаз команда 250 мың теңгенің сертификатына ие болады. Екінші және үшінші орындарға берілетін сыйақы сәйкесінше 150 мың және 100 мың теңгені құрайды.