жұма, 3 сәуір, 2026 18:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жас палуан Ақеділ Көкрекбай: «Жеңіс – өзіңді жеңуден басталады»

Жас палуан Ақеділ Көкрекбай: «Жеңіс – өзіңді жеңуден басталады»
Фото - ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, жастарды салауатты өмір салтына баулу – ел болашағының берік негізі екенін атап көрсетеді. Президенттің айтуынша, спорт – тек денсаулық кепілі емес, ол тәртіп пен табандылықтың, ұлттық рухтың көрінісі.

Осындай ұстанымды берік ұстанған жастардың бірі – қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы әрі жүлдегері, Жамбыл облысының бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жүлдегері, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенті Ақеділ Көкрекбай.

Ақеділ, күреске келуіңе кім әсер етті? Бұл жол қалай басталды?
— Менің спорттағы жолым отбасымнан, нақтырақ айтсам, әкемнен басталды. Әкем мен үшін тек ата-ана ғана емес, алғашқы ұстазым, бапкерім болды. Ол бала кезімнен бойыма тәртіп пен еңбекқорлықты сіңірді. Күреске деген қызығушылығым да сол кісінің арқасында оянды. Мен Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылында туып-өстім. Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-лицейді тәмамдадым. Қазір Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде «Елді мекенді сумен қамтамасыз ету және бұру» мамандығында білім алып жүрмін. Спорт пен білімді қатар алып жүру – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі өмірлік таңдау.

Аймақтық деңгейден республикалық деңгейге дейінгі жолда қандай кезеңдер сені шыңдады?
— Әр жарыс – бір мектеп. Бірақ әсіресе алғашқы кезеңдер мен финалдық белдесулер есте қалады. Себебі дәл сол сәттерде сенің дайындық деңгейің ғана емес, мінезің, төзімділігің де сынға түседі. Кейде бір ғана сәт бәрін шешеді. Сол себепті әр белдесуге барынша жинақы әрі дайын шығуға тырысамын.

Жеңістің артында қандай еңбек жатыр?
— Жеңіс – тек жаттығудың нәтижесі емес, ол тәртіптің, сабырдың, шыдамдылықтың жемісі. Көп жағдайда өзің қалаған нәрселерден бас тартуға тура келеді. Достармен уақыт өткізу, демалу – бәрі шектеулі болады. Бірақ үлкен мақсатқа жету үшін осындай құрбандықтарға дайын болу керек.

Ең ауыр белдесуің туралы айтып өтсең...
— 2024 жылы Талдықорған қаласында өткен Қазақстан чемпионаты мен үшін ерекше болды. Ақтық сынға жолдама үшін Түркістан облысының тәжірибелі палуанымен белдестім. Өте тартысты, ауыр кездесу болды. Сол белдесу менің шыдамдылығымды, ерік-жігерімді сынады. Мұндай сәттер спортшыны шыңдайды.

Сен үшін қазақ күресінің мәні неде?
— Қазақ күресі – жай спорт қана емес. Бұл – біздің тарихымыз, рухымыз, ұлттық болмысымыз. Әр белдесуге шыққанда тек өзің үшін емес, ел намысы үшін күресіп тұрғандай сезінесің. Сондықтан бұл спортты дамыту – жас буынның міндеті.

Спорт шеберлігіне үміткер болу қандай жауапкершілік жүктейді?
— Бұл атақ – үлкен сенім. Ол тек физикалық дайындықты емес, рухани тұрақтылықты да талап етеді. Әр ісіңе жауапкершілікпен қарап, тәртіпті сақтап, сабырлы болу керек.

Жарыс алдындағы күйзелісті қалай жеңесің?
— Қобалжу – кез келген спортшыға тән нәрсе. Бірақ оны дұрыс арнаға бағыттай білу маңызды. Өзімді іштей дайындап, тек белдесуге назар аударамын. Артық ойлардан арылу – ең бастысы.

Неге дәл осы мамандықты таңдадың?
— Спорт менің өмірімнің бір бөлігі болғанымен, болашағымды тек спортпен байланыстыра алмаймын. Өмірде тұрақты мамандықтың маңызы зор екенін түсіндім. Сондықтан техникалық бағытты таңдадым. Бұл – менің ертеңіме жасаған инвестициям.

Университеттегі орта саған қалай әсер етеді?
— Университет ұстаздарының қолдауы ерекше. Олар оқу мен спортты қатар алып жүруге түсіністікпен қарайды. Бұл менің жетістіктеріме үлкен әсер етеді.

Спорт пен оқуды қатар алып жүрудің басты қағидасы қандай?
— Ең бастысы – уақытты дұрыс пайдалану. Әр минутыңды бағалау керек. Сонымен қатар тәртіп пен жауапкершілік бірінші орында тұруы тиіс.

Болашақта өзіңді қалай көресің?
— Алдағы уақытта міндетті түрде өз мамандығым бойынша еңбек еткім келеді. Спортта алған тәжірибем өмірде де көмектеседі деп сенемін.

Жетістікке жету жолында кімдерге алғыс айтасың?
— Ең алдымен ата-анама, әсіресе әкеме алғыс айтамын. Сонымен қатар бапкерлеріме ризамын. Олардың еңбегі мен сенімі – менің әр жеңісімнің негізі.

Алдағы мақсаттарың қандай?
— Азия және әлем чемпионаттарында ел намысын қорғап, жоғары нәтижелерге жеткім келеді. Бұл – менің ең үлкен мақсаттарымның бірі.

Ақеділ Көкрекбай – табандылық пен тәртіпті серік еткен жас спортшы. Оның әр сөзі мен әрекетінен үлкен мақсатқа деген ұмтылыс байқалады. Мұндай жастар – ел спортының ертеңгі үміті екені анық.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар