Жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті
Жиында бірқатар мәселе қаралды
Облыс әкімдігінің жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов төрағалық еткен жиында өңірде мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кеңесте алдымен Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек баяндама жасады. Аудандағы жастар саны – 24 823. Биыл мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша іс-шараларды өткізуге 4 миллион 801 мың теңге қаржы бөлінген.
– 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 1128 жас жұмыспен қамтылды. Биыл 13 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жұмыс беруші мекемелер тарапынан 366 бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде 147 жас түрлі мекемелерге тұрақты жұмысқа орналасты.
«Жасыл ел» жобасы аясында 100 жасты маусымдық жұмыстарға тарту жоспарланып, жоспар толық орындалды. Белгіленген аумақтар тазартылып, 49,3 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды.
Сондай-ақ 15 қазан күні өткен «Жасыл ел» еңбек жасағы маусымының жабылу салтанатында Меркі аудандық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары «Үздік жасақ» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды, – деді Мейірхан Азатұлы.
Сонымен қатар ауданда Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, волонтерлік пен қайырымдылықты дамыту, жастарды ақпараттандыру және әлеуметтік қолдау бағыттарында кешенді, жүйелі жұмыстар атқарылған.
Баяндамадан кейін Серік Жақсылықұлы биыл аудан жастарының қатысуымен 27 құқықбұзушылық тіркелгенін, бұл алаңдатарлық көрсеткіш екенін атап өтті. Сондай-ақ «NEET» санатындағы 935 жасты жұмыспен қамту мәселесінің қалай шешіліп жатқанын, нақты қанша жас жұмысқа орналасқанын және тұрақты жұмыспен қамтылғандардың үлесін сұрады.
Мейірхан Азатұлының айтуынша, жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде құқықбұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 35-тен 27-ге төмендеген. «NEET» санатындағы жастарды жұмыспен қамту көрсеткіштері жақсарғанымен, жалақының төмендігіне байланысты барлық жастар ұсынылған жұмысқа бара бермейді.
Одан кейін Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бақкелді Тұрсынбек күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Кеңес мүшелері тарапынан аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратын қалыпқа келтіру және материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселелері көтерілді.
Отырыс барысында облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова «Серпін – 2050» бағдарламасының іске асырылуы туралы ақпарат беріп, жастардың білім алу мүмкіндіктері, солтүстік өңірлерге оқуға жіберу және түлектерді жұмыспен қамту мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Төрегелдиев мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастарды тұрақты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға бағыттау шараларының нәтижелерімен бөлісті.
Кеңес қорытындысы бойынша Серік Сәлемов жастар саясатын одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныс айтып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
– Жастар саясаты аясында атқарылатын жұмыстар нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және оларды кәсіпкерлікке тарту бойынша іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері бойынша кең көлемді түсіндіру жұмыстары барлық елді мекендерде тұрақты түрде жүргізілсін.
Сондай-ақ жастарды үйірмелермен және спортпен қамтуға қатысты нақты статистика жинақталып, бос уақытты тиімді пайдалануға бағытталған жұмыстар жандандырылады. Жұмыссыз және өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған жастардың тізімі тұрақты түрде жаңартылып, оларды, оның ішінде «Жасыл ел» еңбек жасақтарына, құрылыс нысандарына тарту және әлеуметтендірудің өзге де тетіктері қарастырылуы тиіс.
2026 жылдың Халықаралық волонтерлер жылы болып жариялануына байланысты жастар арасында волонтерлік қызметті кеңінен насихаттау қажет, – деді Серік Жақсылықұлы.
Сонымен қатар Серік Сәлемов Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Тілеулиевтен аудандық жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің айлықақысын көтеру мәселесінің қашан шешілетінін сұрады. Оның айтуынша, жуырда айлықақыны 50 пайызға көтеру туралы аудан әкімінің қаулысы шыққан, ал келесі аптада бұл мәселе мәслихат сессиясында бекітіледі.
Жиында облыстық, Байзақ және Шу аудандық жастар ресурстық орталықтарының жеке ғимараттарының жоқтығы да сөз болды. Аталған мәселелердің 2026 жылы шешімін табатыны айтылды.
Сондай-ақ облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы жыл қорытындысы бойынша облыс әкімінің қатысуымен өтетін үздік жастарды марапаттау кеші – «Әулиеата үздігі», жаңашыл ойымен көзге түскен жастарға берілетін «Тәуелсіздік жастары» гранты және «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы туралы мәлімет берді.