Жауапсыз ата-аналар жазаланады: Таразда қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 135 жасөспірім полицияның есебіне алынды
Тексеріс нәтижесінде 64 отбасы тіркеуге алынған
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кәмелетке толмаған балалар мәселелері жөнінде кеңес өтіп, онда балалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшін 70 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады jambylinfo.kz.
Тараз қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі басшысының орынбасары Арман Тоқбергеновтің сөзінше, қазіргі таңда жасөспірімдердің қауіпсіздігі өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, биыл 4 айда тиісті профилактикалық іс-шаралар қабылданып, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар жұмыс атқарылған.
Сондай-ақ Арман Тоқбергенов Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта, заңды өкілдерісіз жүргені үшін 992 ата-ананың жауапкершілігі қаралғанын, бұдан бөлек, сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 63 мекеме иелері Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 132-бабымен жауапкершілікке тартылғанын айтты.