Жамбыл жаңалықтар

Жайлы жатақхана – жастардың игілігіне

Жайлы жатақхана – жастардың игілігіне

Өскелең ұрпаққа берілер сапалы білім, ұлағатты өнеге болашақтың баянды бақытына бастар жол екені айтпаса да белгілі. Осындай ізгі мұратты көздеген облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің жанындағы медресе колледж статусын алғанын, заманауи бағытта білім беруді бастағанын қуана жариялаған едік. Міне, енді сол медресе-колледждің жанынан жаңа жатақхана да салынды.

«Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің жатақханасының өзге студенттер үйінен ерекшелігі – тек студенттер ғана емес, ауылы алыс ұстаздарға да пана болатындығында. Анығырақ айтсақ, мұнда өз үйі алыста орналасқан, бала оқыту үшін келген ұстаздарға арналған қос пәтер бар. Сонымен қатар, жатақханада 3 ұстаздар бөлмесі де қамтылған. Сірә, бұл жас өрендер дәрістен тыс уақытта да ұстаздардың бақылауында болсын, тәлім тек сабақпен шектелмесін деген ниеттен болса керек-ті. Негізі 100-ден аса орынды қамтуға мүмкіндігі бар жатақханада қазір студенттерге арналған 72 орын дайын. 2 қабатты ғимаратта 12 жатын бөлме, 4 сынып бар. Бұл сыныптарда балалар сабаққа дайындалып, қосымша дәріспен шұғылдана алады. Ізденушілердің игілігі үшін кітапхана мен асхана да қажетінше жабдықталған. Гигиеналық бөлмелермен қатар, монша, меймандар үшін үлкен күту залы да бар. Медресе-колледждің директоры Қанат Жұмағұлдың айтуынша, жатақхана құрылысы 2 жыл бойы жүргізіліпті.

Жастардың тұлға болып қалыптасуы үшін білім алумен қатар саламатты өмір салтын сақтап, жан мен бірге тәнді де шынықтырып, ширығып өскені абзал. Бұл жағы да ұмыт қалмай, жатақхананың ауласынан спорт зал да салынып жатыр екен. Ол қыстық жаттығуға арналса, аулада жаздық спорттық алаңша да жасалуда.

  Қамар Қарасаева