Жедел «Көмек-103» – жұртқа керек ізгі іс
Жедел «Көмек-103» – жұртқа керек ізгі іс
Жаппай жүргізіліп жатқан цифрландыру бағдарламасының енгізілуі - өңірдегі медициналық қызмет көрсету саласының жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығын сақтауға жаңаша серпін қосты.
Облыс аумағында 1 станса, 3 қосалқы станса және 11 жедел медициналық жәрдем бөлімшесі қызмет көрсетеді. Өңірде 273 елді мекен – жедел жәрдем көмегімен қамтылған болса, 99 – ауыл қамтылмаған.
Тараз қаласының жедел медициналық жәрдем станса диспетчерлік қызметі «Көмек» автоматты басқару жүйесімен жабдықталып, санитарлық автокөліктердің GPS-навигациясымен біріктірілген. Бұл науқасқа жету уақытын барынша қысқартып, қозғалыс бағытын автоматты түрде таңдауға мүмкіндік береді. «Көмек» автоматты басқару жүйесі Тараз қаласының емханаларымен орталықтандырылған.
«Көмек-103» бағдарламасы оңай, әрі оңтайлы жұмыс істейді. Облыстағы барлық жедел жәрдем қызметі автоматтандырылған орталыққа қосылып, қоңырау қабылдау желісі арнайы алгоритм бойынша реттеледі. Қазір облыстың қала мен аудан орталықтарынан бөлек, ауылдарда да жедел жәрдем стансасына түскен телефон қоңырауына 20 секундтан 1 минут аралығында жауап беріліп, көмекке мұқтаж адамның жағдайы туралы дәстүрлі сұрақ қойылады. Ол науқастың дене қызуы, ауру барысы жайлы қарапайым сауалдардан тұрады. Осы аралықта бағдарлама кезекшісі жедел жәрдем көлігіндегі дәрігердің телефонына шақырту түскен науқастың жағдайы мен көрсетілетін көмектің барысы туралы SMS хабарлама жолдап, тиісті нұсқау беріп үлгереді және цифрлы жүйе тіркелген науқас тарихын жедел сараптап, көрсетілетін көмектің санатын автоматты түрде анықтайды да, ең жақын маңдағы ауруханаға хабар жібереді.
Жыл басынан бері облыстық жедел жәрдем қызметінің орталығына 44 мыңнан аса шақырту түскен. Аймақ бойынша қазір 91 медициналық жедел жәрдем тобы қызмет атқаруда. Орталыққа қоңырау шалған адам үшін – ең бастысы науқастың жағдайын дәл сипаттап, қай санатқа жататындағын дұрыс анықтау. Жедел жәрдем шақыру – науқастың ауру сипатына қарай бөлініп, жеделдігі де соған орай топтастырылады: 1 санат - науқастың жағдайы өмірге тікелей қауіп төндіргенде және шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болғанда; Мұндай жағдайда бригаданың келу уақыты - 10 минутқа дейін, 2 санат - науқастың өміріне қауіп төнуі ықтимал жағдайда бригаданың келу уақыты 15 минутқа дейін; 3 санат - науқастың денсаулығына зиян келуі мүмкін жағдайда бригаданың келу уақыты 30 минутқа дейін; 4 санат - науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбеген кезде, яғни жағдайы өткір немесе созылмалы аурудың шиеленісуіне, ағзалары мен жүйелердің кенеттен және анық бұзылыстан туындаған кезде бригаданың келу уақыты 60 минутқа дейін созылады. Сонымен қатар, алғашқы 3 санатты жедел жәрдем станциясы, ал төртіншісіне - емханалардағы шұғыл медициналық бөлімдер деңгейінде көрсетіледі. Осылайша, емханалардағы жедел жәрдем орталықтары шақыруды тәулік бойы 24 сағат бойы қабылдайды.