Жиын-терім науқаны қалай өтуде?
Жамбыл облысында жиын-терім науқаны ойдағыдай өтуде. Жаздың жауын-шашынсыз болғанына қарамастан, өнімді сапалы және уақтылы жинап алу үшін барлық шаралар қабылданды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте егін жинау жұмыстарының барысы, өңірдегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов бүгінгі таңда 1,566 миллион тонна көкөніс жиналып, әр гектардың орташа түсімі 414,1 центнерді құрағанын жеткізді. Облыс бойынша бүгінгі таңда 25,9 мың тонна майлы дақыл жиналса, бұл жалпы жоспардың 69,2 пайызын құрайды, орташа өнімділік әр гектардан 6,3 центнерге айналған.
Қайрат Амановтың айтуынша өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған 236 қойма бар. Облыс әкімі ол қоймалардың бос тұрмау керектігін атап өтті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының болжамы бойынша, қыстатуға 992 мың шартты мал басы түседі деп жоспарлануда. Мал қыстатуды қалыпты өткізу үшін 1 млн. 730 мың тонна шөп (қажеттінің 106 пайызы), 58 мың тонна пішендеме (100 пайыз) дайындалған.
Бердібек Сапарбаев биылғы жаздың құрғақ болуына байланысты туындаған мәселелерді ескеріп, қателіктермен жұмыс істеу керектігін атап өтті.
- Облыстың әлеуеті жоғары және ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге барлық мүмкіндіктер жеткілікті, - деді облыс әкімі. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін дизель отынымен, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Басқосудағы келесі мәселе бойынша, төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев баяндама жасады. 2021 жылдың 9 айында Жамбыл облысында 467 өрт тіркелсе, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайызға аз. Өрт жағдайларының ең көп саны тұрғын үй секторында (62 пайыз) және көліктерде (21 пайыз) орын алған.
- Байзақ ауданындағы қайғылы оқиға біз үшін үлкен сабақ болуы тиіс. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету төтенше жағдайлар департаментіне ғана емес, жергілікті атқарушы органдарға да жүктеледі. Бұл мәселеге жеңіл қарауға болмайды. Жауапкершілікті бір-бірлеріңізге ысырмаңыздар. Әкімдіктер төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе жұмыс істеуі керек, - деді аймақ басшысы.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз