сенбі, 23 қараша, 2024 5:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жол салу ма, әлде қаржыға қол салу ма

Жол салу ма, әлде қаржыға қол салу ма
ашық дереккөзі
Жол салу ма, әлде қаржыға қол салу ма

Ел аумағындағы автожолдар сапасының жай-күйі – өзекті мәселелердің бірі. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылдан бастап елімізде «Нұрлы жол» ауқымды мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама аясында өңіріміздегі облыстық маңызы бар және қала ішіндегі жолдардың жағдайы түзеліп келеді.

Бүгінде облыс бойынша елді мекен көшелерінің желісін қосқанда 9989 шақырым жол бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 1152 шақырымды құрайды. Ал «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс аумағында 23 жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 3,7 миллиард, ал жергілікті бюджеттен 4,6 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Жол жөндеу жұмыстарының сапасы жаңа құрылған жол активтерінің сапа орталығымен тұрақты тексеріледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 163,9 миллион теңге бөлінген. Бүгінде нысандарға шығу кестесі бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен 2020 жылы аталған кәсіпорынмен 156 нүктеге зерделеу жүргізіліп, 456 сынама алынды. Нәтижесінде 26 ескерту беріліп, кемшіліктер жойылып келеді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы аясында облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің жол-жөндеу нысандарын аралау кестесі бекітіліп, кестеге сәйкес нысандардың басына барып, жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру іс-шаралары тұрақты ұйымдастырылады. Аталған департамент жанынан құрылған «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы жол сапасына үнемі жіті бақылау жүргізіп тұрады. Жыл басынан бері 50-ден аса қоғамдық мониторинг жүргізіп, оның негізінде жол сапасының бұзылуына қатысты 61 кемшілік анықталып, оның барлығы қалыпқа келтірілді. Мәселен Тараз қаласы, Рысқұлов көшесінде автомобиль жолын салу барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Жұмыс жүргізу барысында техникалық бақылаушы болмаған, асфальттың температурасы өлшенбеген, жолдың негізгі қабаты мен асфальт арасында битум құйылмаған, құрылыс алаңы қоршалмаған. Мердігер компания өкілдері сол жерге шақырылып, төселген асфальт қайтадан алынған болатын. Сол сияқты Жамбыл ауданы, Тоғызтарау ауылының ішіндегі Мүсәт Жүнісов көшесінің сапасын зерделеу барысында 1 шақырым көшеге 16 миллион теңге қаражатқа қалыңдығы 4 сантиметр жаңа тас жолы салынудың орнына 2,4 сантиметр етіп салған. Бұл мәселе бойынша құзырлы мамандар зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Ал қала тұрғындарымен жол жабындыларының бұзылуына жол бермеу мақсатында жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде 19 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, 300 мың теңгеден аса айыппұл салынған. Ауыр жүк тасымалдаушы көліктердің жолда жүру заңдылығына да рейдтік-профилактикалық жұмыстар тұрақты өткізіліп тұрады. Одан бөлек ауыр жүк тасымалдаушы көліктердің де жолдағы қозғалысы аталған жобаны жүзеге асырушылардың жіті бақылауында. Жол саласындағы уәкілетті органдармен жоба қызметкерлері бірігіп, ауыр жүк тасымалдаушы көліктеріне күнделікті рейдтік-профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар ғана бақылауда емес, сондай-ақ облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың бұзылуына жол бермеу мақсатында аудандағы тас жолдарға шығу жұмыстары ұйымдастырылған. Нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша уәкілетті органмен тасымалдаушыларға 56 хаттама толтырылып, 10,5 миллион теңгеге айыппұл салынды. Бұндай тәжірибе елді мекендегі тұрғындардың мемлекеттік мүлікке деген көзқарасын өзгертуге оң септігін тигізіп келеді. Мұнымен қоса іске асырылып жатқан жол-құрылыс жобаларын барлық аудандарда «Nur Otan» партиясының мүшелері, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мамандары және аудандық «Jas Otan» жастар қанатының жетекшілері өкілдерінен құрылған қоғамдық бақылау топтарының мүшелері де тұрақты зерделейді.

 

Арайлы СЕРІКҚЫЗЫ, журналист

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар