Жол жауапсыздықты көтермейді
Жол жауапсыздықты көтермейді
2019 жылы құрылған Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының негізгі қызметі – жолдарды салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстаудағы жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу сондай-ақ жолдарды диагностикалау, аспаптық тексеру. Сала мамандары ағымдағы жылы ел ішіндегі жолдарға тексеріс жүргізумен қатар халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарға диагностика жүргізілген. Ал кәсіпорынның облыстық филиалы есепті кезеңде жоспарға сай кепілдік учаскелері және күтіп-ұстау бойынша республикалық маңызы бар 550,400 шақырым автожолдарға диагностикалау жұмыстарын жүргізген. Бұдан бөлек, бұл бағытта коммерциялық негізде "Мерке – Шу-Бурылбайтал" автожолының 90-126 шақырымы тексерілген. 10 ай ішінде 689 рет жолдарға шығу ұйымдастырылып, нәтижесінде 184 объекті қамтылған. Атап өтерлігі, мамандар республикалық маңызы бар автожолдарға 542, жергілікті желі бойынша 147 рет шыққан. Ал 1576 сынаманың 182-сі нормативтік талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Сонымен қатар, анықталған 178 кемшіліктің 46-сы өрескел екендігі белгілі болған. Анықталған ескертулер мен сапасыз материалдарды қолдану негізінде мердігерлер тарапынан қайта жұмыс жасалды. Бастысы, бүгінгі таңда барлық ескертулер жойылған. Бұл облыстық филиал қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асып отыр.