Жамбыл жаңалықтар

Жуалы ауданы әкімінің аппарат басшысы тағайындалды

Бұл туралы Жуалы ауданы әкімдігі мәлім етті.

Жуалы ауданы әкімінің 2026 жылғы 14 сәуірдегі №88-Ж/Қ өкіміне сәйкес, Нұрбеков Дидар Ғалымжанұлы аудан әкімі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Дидар Ғалымжанұлы 1988 жылы 27 сәуірде Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты Қаратау қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді маман. Ол 2012 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, ал 2019 жылы Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2012 жылы Жамбыл ауданы әкімі аппаратында бастап, түрлі жауапты қызметтерді атқарды. Алғашқы жылдары аппаратта штаттан тыс оператор, компьютерлік техник ретінде еңбек етіп, кейін Қаратөбе және Полатқосшы ауылдық округтері әкімдері аппараттарында бас маман – іс жүргізуші қызметтерін атқарған.

2014–2015 жылдары Жамбыл ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімшесінде бас маман болып жұмыс істеді. Кейін Тараз қаласы әкімі аппаратына ауысып, онда персоналды басқару саласында еңбек етті. Сондай-ақ Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде басшының орынбасары, қала әкімінің бас инспекторы қызметтерін атқарды.

2019 жылдан бастап 2024 жылдың желтоқсанына дейін Тараз қаласы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы болып, кадр саясаты саласында маңызды жұмыстар жүргізді. Ал 2024 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың сәуіріне дейін Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы қызметін атқарды.

2026 жылғы 14 сәуірден бастап Жуалы ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметіне кірісті.