Жуалы ауданы тұрғындарының 85 пайызы таза ауызсу тұтынуда
Жуалы ауданы тұрғындарының 85 пайызы таза ауызсу тұтынуда
Аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Роза Құрмашеваның айтуынша, аудандағы 49 елдімекеннің 31-і орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған. Ол жалпы халықтың 63 пайызды құрайды, яғни, аудан халқының 85 пайызы таза ауызсу тұтынуда. -Жолдауда айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңмен іске асырылуда. Қазіргі таңда таза ауызсумен қамтылған елдімекендер саны едәуір артқан. Атап айтсақ, ауданда орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған елдімекендер саны – 31. Ол 63 пайызды құрайды, яғни, аудан халқының 85 пайызы таза ауызсу тұтынуда. Қазіргі таңда таза ауызсу құбыры Қоңыртөбе ауылында тартылуда. Ондағы құрылыс жұмыстарын «Жаңарту» ЖШС жүргізуде. Бұдан бөлек, алты елді мекенге, атап айтқанда, Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған, Тасбастау, Кәріқорған, Бәйтерек ауылдарына таза ауызсу тарту жоспарлануда, бүгінгі таңда Тасбастау, Кәріқорған, Бәйтерек ауылдарындағы таза ауызсу жүйесінің құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталып кетті, - дейді ол. Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Елімізде осыдан 12 жыл бұрын басталған «Ақбұлақ» бағдарламасы соңғы үш-төрт жылдың көлемінде қарқын алғаны белгілі. Ол «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары және «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында жүзеге асырылуда. Ауызсумен қамтамасыз етудің оң жұмыстарына қарамастан, бүгінгі таңда аудан халқының бір бөлігі сапалы және жеткілікті көлемде таза ауызсумен әлі күнге қамтамасыз етілмеген. Қошқарата, Боралдай ауылдық округтерін айтпағанда, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылы іргесіндегі Көкбастау мен Нұрлыкент ауылдық округтеріне қарасты Көктөбе мен Қосбөлтек, Түктібай мен Қосбастау елдімекендерінде бұл мәселе басы ашық күйінде қалуда. Бұдан бөлек, Теріс пен Алатау елдімекендеріндегі ауызсу құрылысының сапасыз салынуынан ауыл тұрғындары зардап шегуде. Толыққанды таза ауызсудың игілігін көре алмауда. Қайда шағымданса да тұрғындардың айқайы жарты жолда қараусыз қалып келеді. Айта берсе кемшілік жетіп артылады. 2010 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында берілген таза ауызсу жүйесінде де жүздеген ақау шығып, әлі күнге «Жуалы су» мекемесі сондағы кеткен ақауларды жамап-жасқаумен айналысуда. Қызыларық пен Сұрым ауылындағы таза ауызсу жүйесінде де мұндай мәселелер болмай қалмады. Қайсыбір елдімекенде болмасын, құрылыс жұмысынан кейін мердігерлердің жауапсыздығынан талай кем-кетігі шығып, оның зардабын халық көруде. Майлы жіліктің басын ұстағандар сол баяғысынша құтылып, олардан қалған кем-кетік бүгінде «Жуалы су» мекемесінің мойнына ілінген. Ендігі жүзеге асырылатын жобаларда мұндай қателіктер кетпесе екен деп тілейік. Халық үшін сапалы ауызсуға қолжетімділіктің маңызы өте зор. Осыны сезінген Үкімет ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күшін салуда. Сондықтан да әлеуметтік маңызы жоғары «Ақбұлақ» - жан-жақты, тыңғылықты зерттеліп-зерделенген бағдарлама. Бағдарлама ойдағыдай орындалып жатса, шалғайдағы ауыл халқы да толығымен таза ауызсумен қамтамасыз етілетін күн де алыс емес. Мәселен, биыл ауданның шалғайында орналасқан Қоңыртөбе, Рысбек батыр, Жаңаталап, Ақтоған ауылдары таза ауызсуға қосылады деп жоспарлануда. Олар қосылғаннан кейін ауданның ауызсумен қамтылуы аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше елдімекен саны 35-ке жетіп, 71,4 пайызды құрамақ. Бір елді мекеннің жобасы сараптама қарауында, ол – Ақтөбе ауылы. Бұдан бөлек, Түктібай, Ақтасты, Қызтоған ауылдарына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде екен. Сондай-ақ жеті елді мекенге, яғни ондағы халық және аула саны аз болғандықтан суды тазартудың кешенді блок модульдерін орнату жоспарланған. Ол санатқа Күркіреусу, Қаратас, Көктас, Қарасу, Амансай, Қазбастау елді мекендері енген. Аталған жұмыстарды атқару 2024-2025 жылдарға белгіленген. -Елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету және кәріз су жүйелерін күтіп баптау, алып кету қызметтерін «Жуалы-Су» шаруашылық жүргізуде. Оның қызметін ауданда 18 нысан пайдалануда, тұтынушы саны 6390 абонент. Мекеме 396,6 километр су тарату желісін, 5,88 километр кәріз су желісін, 66 су тарту нысанын, 1 кәріз су айдау стансасын, 4,8 гектар аумақты алып жатқан сүзгі алаңын күтіп-баптау және пайдалану жұмыстарымен айналысуда. Жыл басынан бері мекеме тарапынан келесідей жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, Қайрат ауылының Ә.Молдағұлова көшесінде жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес ұзындығы 1,8 километрді құрайтын ауызсу құбыры жүргізілді. Қошқарата ауылдық округі Ақтасты ауылындағы орталық ауызсу жүйесінде құрылыс жұмыстары атқарылуда. Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылында су тарту нысанында технологиялық су жүйесімен ауызсуды залалсыздандыратын бактерицидтік қондырғы орналастыратын ғимарат соғылуда, - дейді Роза Құрмашева. Кәсіпорын қызметкерлерінің күшімен талай жұмыстар атқарылды дейді «Жуалы су» мекемесінің директоры Қуанышбек Болысбаев. Оның айтуынша, кәсіпорын жұмысшылары биыл бірнеше елдімекендегі таза ауызсу құбыры кірмей қалған көшелерге ауызсу жүйесін тартқан. Атап айтсақ, Б.Момышұлы ауылы темір жолдың астыңғы бөлігіндегі көшелердегі тұтынушыларды үздіксіз таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін Қойбақов, Көктем, Сейтбеков, Абай және Алтынсарин көшелерін орталық ауызсу жүйесіндегі құдықтарда 10 дана ф100 милиметрлік бұранда (задвижка) қойылды. Б.Момышұлы, Көлбастау, Қайрат ауылдарындағы су жүйесіндегі құдықтарда істен шыққан 8 өртке қарсы гидрант жаңасына ауыстырылды. Сондай-ақ Б.Момышұлы, Қайрат, Көлбастау, Талапты, Диқан, Нұрлыкент, Қарабастау, Ақбастау және Теріс елдімекендерінің таза ауызсу жүйесінде орын алған 84 ақау жөнделіп, қалпына келтіріліпті. Алдағы уақытта мекеме қаржыға байланысты Диқан ауылында су тарту нысанында сыйымдылығы 50 текше метр су жинақтау мұнарасын орнату, бұдан бөлек Қызыларық, Сұрым мен Б.Момышұлы ауылындағы үш көшенің орталық ауызсу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Әрине, су – бар берекенің бастауы. Бұл тұрғындар үшін жағымды жаңалық. Таза ауызсудың адам денсаулығына пайдасын айтпасақ та түсінікті. Мал бағып, бақша салып отырған аудан тұрғындары үшін бәрінің ойдағыдай жүзеге асып жатса, бұдан асқан жақсы жаңалық болмас еді. Бүгінде үйіне су кіргізіп, қызығын көріп отырған тұрғындар да аз емес. Соның бірі Айдос Ахметов. -«Ақбұлақ» бағдарламасының елге берері мол бастама. Ауылға су кірді. Қуанышымызда шек жоқ. Суды үйге кіргізіп алдық. Үйіміздің ішінен жуынатын бөлме, тіптен дәретханаға дейін қосып қойдық. Қаладан еш кем емес. Біз сияқты зейнеткерге бұдан басқа не керек. Жұрттың бәрі қалаға ұмтылады, егер ауылда осындай жағдайды үкімет жасап қойса, ешкім ешқайда кетпес еді. Өз туған жеріме ештеңе жетпейді. Көркейе бергенін қалайсың, әрине, - дейді. Ал келесі Теріс ауылының тұрғыны, Байбос Жұмағұлов «бұрын таза ауызсуды ауламызда тұрған құдықтан сусорғы арқылы алатынбыз. Бақша суарып, суды көп алсақ таусылып қалатын. Сосын үнемдеп пайдаланатын болдық. Қазір ауылымызға су кіріп, оның рақатын көрудеміз. Ауыл адамының еңбегі көп қой, осылай тұрмыстық жағдайымыз түзеліп жатса қандай жақсы»,- дейді ол.