Жуалы ауданында 49 елдімекеннің 31-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған
Жуалы ауданында 49 елдімекеннің 31-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін елімізде таза ауызсу мәселесін шешуді тапсырғаны белгілі. Яғни, алдағы үш жылда қалалар 100 пайыз, елдімекендер 80 пайызға дейін таза ауызсумен қамтылуы тиіс. Мұны аудандарда 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Жуалы ауданы әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Роза Құрмашеваның айтуынша, аудандағы 49 елдімекеннің 31-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Ол жалпы халықтың 63 пайызды құрайды, яғни, аудан халқының 85 пайызы таза ауыз су тұтынуда. -Жолдауда айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңмен іске асырылуда. Қазіргі таңда таза ауыз сумен қамтылған елдімекендер саны едәуір артқан. Атап айтсақ, ауданда орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған елдімекендер саны – 31. Ол 63 пайызды құрайды, яғни, аудан халқының 85 пайызы таза ауыз су тұтынуда. Қазіргі таңда таза ауыз су құбыры Қоңыртөбе ауылында тартылуда. Ондағы құрылыс жұмыстарын «Жаңарту» ЖШС жүргізуде. Бұдан бөлек, алты елді мекенге, атап айтқанда, Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған, Тасбастау, Кәріқорған, Бәйтерек ауылдарына таза ауызсу тарту жоспарлануда, бүгінгі таңда Тасбастау, Кәріқорған, Бәйтерек елдімекендерде таза ауыз су жүйесінің құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталып кетті, - дейді ол. Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Елімізде осыдан 12 жыл бұрын басталған «Ақбұлақ» бағдарламасы соңғы үш-төрт жылдың көлемінде қарқын алғаны белгілі. Ол «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары және «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында жүзеге асырылуда. Ауыз сумен қамтамасыз етудің оң жұмыстарына қарамастан, бүгінгі таңда аудан халқының бір бөлігі сапалы және жеткілікті көлемде таза ауыз сумен әлі күнге қамтамасыз етілмеген. Қошқарата, Боралдай ауылдық округтерін айтпағанда, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылы іргесіндегі Көкбастау мен Нұрлыкент ауылдық округтеріне қарасты Көктөбе мен Қосбөлтек, Түктібай мен Қосбастау елдімекендерінде бұл мәселе басы ашық күйінде қалуда. Бұдан бөлек, Теріс пен Алатау елдімекендеріндегі ауызсу құрылысының сапасыз салынуынан ауыл тұрғындары зардап шегуде. Толыққанды таза ауызсудың игілігін көре алмауда. Қайда шағымданса да тұрғындардың айқайы жарты жолда қараусыз қалып келеді. Айта берсе кемшілік жетіп артылады. 2010 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында берілген таза ауызсу жүйесінде де жүздеген ақау шығып, әлі күнге «Жуалы су» мекемесі сондағы кеткен ақауларды жамап-жасқаумен айналысуда. Қызыларық пен Сұрым ауылындағы таза ауызсу жүйесінде де мұндай мәселелер болмай қалмады. Қайсыбір елдімекенде болмасын, құрылыс жұмысынан кейін мердігерлердің жауапсыздығынан талай кем-кетігі шығып, оның зардабын халық көруде. Майлы жіліктің басын ұстағандар сол баяғысынша құтылып, олардан қалған кем-кетік бүгінде«Жуалы су» мекемесінің мойнына ілінген. Ендігі жүзеге асырылатын жобаларда мұндай қателіктер кетпесе екен деп тілейік. Халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы өте зор. Осыны сезінген Үкімет ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күшін салуда. Сондықтан да әлеуметтік маңызы жоғары «Ақбұлақ» - жан-жақты, тыңғылықты зерттеліп-зерделенген бағдарлама. Бағдарлама ойдағыдай орындалып жатса, шалғайдағы ауыл халқы да толығымен таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін күн де алыс емес. Мәселен, биыл Жуалы ауданның шалғайында орналасқан Қоңыртөбе, Рысбек батыр, Жаңаталап, Ақтоған ауылдары таза ауызсуға қосылады деп жоспарлануда. Олар қосылғаннан кейін ауданның ауыз сумен қамтылуы аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше елдімекен саны 35-ке жетіп, 71,4 пайызды құрамақ. Бір елдімекеннің жобасы сараптама қарауында, ол – Ақтөбе ауылы. Бұдан бөлек, Түктібай, Ақтасты, Қызтоған ауылдарына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде екен. Сондай-ақ жеті елді мекенге, яғни ондағы халық және аула саны аз болғандықтан суды тазартудың кешенді блок модулдерін орнату жоспарланған. Ол санатқа Күркіреусу, Қаратас, Көктас, Қарасу, Амансай, Қазбастау елді мекендері енген. Аталған жұмыстарды атқару 2024-2025 жылдарға белгіленген. Әрине, су – бар берекенің бастауы. Бұл тұрғындар үшін жағымды жаңалық. Таза ауыз судың адам денсаулығына пайдасын айтпасақ та түсінікті. Мал бағып, бақша салып отырған аудан тұрғындары үшін бәрінің ойдағыдай жүзеге асып жатса, бұдан асқан жақсы жаңалық болмас еді. Бүгінде үйіне су кіргізіп, қызығын көріп отырған тұрғындар да аз емес. Соның бірі Айдос Ахметов. -«Ақбұлақ» бағдарламасының елге берері мол бастама. Ауылға су кірді. Қуанышымызда шек жоқ. Суды үйге кіргізіп алдық. Үйіміздің ішінен жуынатын бөлме, тіптен дәретханаға дейін қосып қойдық. Қаладан еш кем емес. Біз сияқты зейнеткерге бұдан басқа не керек. Жұрттың бәрі қалаға ұмтылады, егер ауылда осындай жағдайды үкімет жасап қойса, ешкім ешқайда кетпес еді. Өз туған жеріме ештеңе жетпейді. Көркейе бергенін қалайсың, әрине, - дейді. Ал келесі Теріс ауылының тұрғыны, Байбос Жұмағұлов «бұрын таза ауыз суды ауламызда тұрған құдықтан сусорғы арқылы тартып алатынбыз. Бақша суарып, суды көп алсақ таусылып қалатын. Сосын үнемдеп пайдаланатын болдық. Қазір ауылымызға су кіріп, рахатын көріудеміз. Ауыл адамының еңбегі көп қой, осылай тұрмыстық жағдайымыз түзеліп жатса қандай жақсы» дейді ол.