Жуалы ауданында жаңа емхана ашылды
Жуалы ауданында жаңа емхана ашылды
Әлемдік деңгей деуіміздің себебі, бұл емхананың филиалдары әлем бойынша бар. Оның штаб пәтері Швеция мен Германияда орналасқан. Неміс дәрігерлері жылына бір рет Қазақстанға келіп, емхана мен науқастардың жағдайын қадағалап отырады. Емхананың Қазақстан бойынша өңірлік директоры, жеке кәсіпкер Роза Алиджанова, бас атқарушы директоры, жеке кәсіпкер Амантұр Рысқұлов, ал медициналық директоры Жанар Мұрсалова. Қазір Қазақстан бойынша барлығы 51 филиалы бар. Ал Жамбыл облысы бойынша Тараз қаласында және Сарысу мен Жуалы ауданында барлығы үш филиал бар. Бұл емхананың ашылуы шынымен де қуантарлық жаңалық. Себебі, бұл диагноздағы емделушілер аптасына кемі үш-төрт рет ем қабылдау үшін Тараз қаласына баратын. Бұл әсіресе қыстыгүні қиын, себебі ауа райының қолайсыздығына байланысты кейде Күйік асуында жол жабық болады. Олар емханасына бара алмағандықтан, емін дұрыс ала алмайтын. Енді, бұл емделушілер ауданнан-ақ керек емін ала алады. Аталмыш емхананың ашылу салтанатына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары Хамит Мұрзақасымов, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев, бас дәрігердің орынбасары Нұрбай Ергебеков және аудандық сантариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің бас маманы Назипа Әзімбекова қатысты. Олар емхананың және емделушілердің жағдайымен толық танысып шықты. Аталмыш емхана ұжымына тоқталар болсақ, барлығы сегіз адамнан тұрады. Олар – бір дәрігер нефролог, екі медбике, медтехник, екі тазалаушы және бір жүргізуші. Бұл ұжымдағы мамандарды біліктілігіне қарап, арнайы таңдап алған. Қазір Тараз қалалық филиалының меңгерушісі, дәрігер Азиз Абдуллаев аудандық филиал ұжымын арнайы оқытып жатыр. Әрі алты ай осы филиалда болып, науқастардың жағдайын қарайды. -Қазіргі таңда облыс бойынша 400 науқас, ал ауданда 15 науқас осы диагнозбен тіркелген. Емхана өзінің алғашқы емделушілерін қабылдап бастады, қазір 15 пациент ем қабылдайды. Бұл емделушілер мемлекеттік портал арқылы келген. Емі, дәрілері мен тамақтары бәрі тегін. Олар аптасына үш рет төрт сағаттан осында келіп, барлығы 12 сағат емін қабылдайды. Емнен бөлек бір мезгіл тамағын да ішеді. Сондай-ақ, емхананың жүргізушісі оларды үйінен алып кетіп, қайта апарып тастайды. Яғни, емделушілер үшін барлық жағдай жасалған. Емделушілер жататын төсек арнайы пультпен жұмыс істейді. Сонымен қатар, олар системасын алғанда уақыт өтуі үшін әр төсектің жанында арнайы планшеттер бар. Сол планшетпен ютубтан кино немесе қалаған бағдарламаларын қарай алады. Емханадағы біздің басты артықшылығымыз – жасанды бүйрек аппараты. Бұл аппараттың дұрыс жұмыс жасауын медтехник Ермек Сұлтанбай қадағалап отырады. Осы аппаратта науқастың қаны арнайы қоспамен араласып, науқасқа зәрінің шығуына көмектеседі. Айта кету керек, бұл – жай ауру түрі емес. Бұл созылмалы ауру. Науқастар зәрін шығара алмайды, жүректері айниды, дене қышынып, әрі ісініп кетеді. Біз бұл аурудағы адамдарды емдемейміз, тек өмір жасын ұзартуға көмектесеміз. Қазақстан бойынша бұрын осы аурумен ауыратын пациенттер үш жылға дейін өмір сүрсе, қазіргі жаңа технологиямен олардың өмір жасы он бес жылға дейін ұзарды, - дейді облыстық емхананың дәрігері Азиз Шавкетович. Сол жерде емделуші Мұстафа Пешенов қысқаша сұхбат берді. -Бұрын ауданда осы диагнозбен 30-дай адам ауыратын. Ауданда созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі ауруына қажетті аппараттар болмағандықтан, қалаға келетінбіз. 15 шақты адам осы белгімен қабылдауға басқа қалаларға көшіп кетті. Ауданда қалған 15 адам өңірлік директоры Роза Алиджановаға өтініш жаздық. Біздің жағдайымызға қарасқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Үйден арнайы көлікпен алып кетеді, бір мезгіл тамағымызды береді. Қазір толыққанды ем қабылдап жатырмын, денсаулығым әлдеқайда жақсы болып қалды, - дейді емхана пациенті. -Емхана екі қабаттан тұрады. Емхана толық жөндеу жұмыстарынан өтті. Гепатит С, гепатит Б, ковидпен ауыратын науқастарға оқшауланған бөлме және басқа науқастарға деп арнайы барлық жағдайлар жасалған. Сондай-ақ емделушілерден айына екі рет жалпы қан талдауын алып, Тараз қаласындағы «Олимп» орталығына тексертіп отырамыз. Қазір барлық емделушілеріміздің жағдайы жақсы, - деп түйіндеді емхана дәрігері.