Жуалы жерінен табылған қыш құмыралар көне мәдениеттің куәсі
Күреңбел ауылдық округінің аумағындағы Төрткүлтөбе қалашығынан табылған көне тұрмыстық бұйымдардың ішінде қыш құмыралар ерекше орын алады. Олар халықтың күнделікті тұрмысын ғана емес, сол дәуірдің мәдениеті мен дүниетанымын айғақтайтын тарихи жәдігерлер.
Археологтардың қазба жұмыстары кезінде Теріс өзені, Қаратау бөктері мен Көлбастау маңындағы қоныстардан қыш ыдыстардың сынықтары мен бүтін құмыралар табылған. Олар сақ, үйсін, қаңлы тайпалары кезеңіне және ортағасырлық түркі заманынан қалған бұйымдар. Бұл құмыралар астық сақтау, су құю, ас әзірлеу және діни жоралғыларда қолданылған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ортағасырлық Төрткүлтөбе қалашығынан табылған қыш құмыраларды аудандық тарихи-өлкетану мұражайынан көптеп кездестіруге болады. Соның ішінде Төрткүлтөбеден табылған қыш құмыралардың жасалу технологиясы ерекше назар аударады. Қыш құмыралар жергілікті табиғи саздан иленіп, қалыпқа салынып, арнайы пештерде күйдіріліп жасалған. Бұл әдіс құмыраның беріктігін арттырып қана қоймай, әсемдігін айшықтаған.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, аудандық музейге келіп, Күреңбелден табылған қыш құмыраларды тамашалаушылардың қатары көп.