Жуалыда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді
Жуалыда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылындағы жаңа Мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатысты. Аймақ басшысы жиналғандарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.
Мәдениет үйі «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген. Мердігер – «Нұрбек» ЖШС. 180 адамға арналған акт залы заманауи технологиямен жабдықталған. Осы ретте айта кету керек, алғашқыда бұл жерде мердігер 90 орындық зал салуды жоспарлаған. Тұрғындардың өтінішінен кейін облыс әкімінің араласуымен, ауыл халқының саны ескеріле отырып, үлкен зал салу туралы шешім қабылданды. Мәдениет үйінде «Фламинго» би үйірмесі, домбыра, көркемсөз үйірмелері жұмыс істейтін болады. Тұрғындар жаңа нысанның сүйікті мәдени тынығу орнына айналарына сенімді.
Салтанатты шара мерекелік концертпен түйінделді.