Жамбыл жаңалықтар

Жуалыда енесінің атына несие рәсімдеген келін сотталды

Үкім заңды күшіне енді.

Жамбыл облысы Жуалы ауданында енесінің атына оның келісімінсіз несие рәсімдеген келін сотталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жуалы аудандық соты алаяқтық фактісі бойынша азаматша Б.-ға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚК 190-бабының 1-бөлігі). 2025 жылдың қарашасында Б. өз атына несие рәсімдей алмай, белгісіз адамнан қайын енесінің хабардар екеніне сендіріп, оның атына несие рәсімдеді. Ол қайын енесінің телефонын алып, растау кодын хабарлап, онлайн тексеруден өтті. Нәтижесінде 1,5 млн теңге көлемінде несие ресімделіп, оның 1,1 млн теңгесі жәбірленушінің шотына түскен. Сотталушы бұл соманы өз шотына аударып, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. 

Жәбірленуші несие туралы ай сайынғы төлем пайда болғаннан кейін ғана хабардар болды. Сот ісінде Б.-ның кінәсі тараптардың айғақтары және басқа материалдар арқылы толық дәлелденген.

Прокурор сотталушыға 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал Б. кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген. Жәбірленуші азаматтық талап қоюды қанағаттандыруды және бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаны тағайындауды сұраған.

Сот үкімімен Б. ҚК 190-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар, жәбірленушінің 1,5 млн теңге сомасына материалдық залалды өтеу туралы азаматтық талап толық қанағаттандырылды.