Жуалыда көктемгі дала жұмыстары қалай жүріп жатыр
Көктем шығып, жер қыза бастаған сәтте шаруалар сайманын сайлап, көктемгі дала жұмыстарына білек сыбана кірісетіні белгілі. Бүгінгі таңда жуалылық шаруалар да бұл жұмыстарды белсенді бастап кетті.
Асан қайғы тамсанған бұл өңірде ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы аумағы – 216 306 гектарды құрайды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның ішінде 95 435 гектары егістік, 8 460 гектары суармалы жер. Сондай-ақ 2 046 гектар шабындық, 109 439 гектар жайылым, 265 гектар көпжылдық екпелер және 2 128 гектар өзге жерлер бар.
Бұл туралы аудан әкімдігіне қарасты ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп, саланы дамытуға бағытталған нақты шаралар қолға алынған.
Сонымен қатар 2025 жылдың күзінде 11 223 гектарға күздік бидай себілген. Қазіргі таңда ол дақылдар жақсы қыстап шығып, көктемгі күтім жұмыстары жүргізілуде. Бастысы, көктемгі дала жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда. Жер жырту жұмыстары жоспарланған 23 708 гектар бойынша толық орындалған. Дайындалған жер көлемі – 54 270 гектарға жетіп, 96,5 пайызды құраған. Жаздық масақты дақылдар толық себіліп, 28 090 гектар игерілген. Майлы дақылдар бойынша жоспардың 85 пайызы орындалса, көпжылдық шөптерді егу 95,8 пайызға жеткен.
Көктемгі науқанды сапалы өткізу үшін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше мән берілген. Биыл бұл мақсатқа 2 279 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Оның жеткізушісі ретінде «Ақ Қайың» серіктестігі бекітілген. Наурыз айына қарастырылған 650 тоннаның 595,5 тоннасы жеткізіліп, оның 360 тоннасы 266 шаруашылыққа таратылған. Қалған бөлігі сәуір айында игерілуде.
Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы мұндай технологиялар 2 430 гектар алқапқа қолданылса, биыл бұл көрсеткішті 3 700 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бірқатар ауылдық округтерде тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері орнатылуда.
Атап айтқанда, Көкбастау мен Қызыларық ауылдық округтеріндегі шаруашылықтар заманауи суару тәсілдерін енгізген. Ал жыл соңына дейін Қарасаз, Көкбастау және Ақтөбе ауылдық округтерінде қосымша су үнемдеу қондырғыларын орнату көзделіп отыр.