Жуалыда республикалық акция аясында жол жиектері тазаланып жатыр
Акцияға Жуалы ауданының 150-ден астам тұрғыны қатысты
"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында Жуалы ауданы аумағындағы республикалық мәні бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль жолының жиегі қоқыстан тазартылып жатыр, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Тазалық шарасы аясында 4 ауылдық округ тұрғындары мен “Жасыл ел” еңбек жасақтары аталған күрежолдың Шымкент бағытындағы жол бойында қысқы боранда құлаған ағаштарды шығарып, көктемгі санитарлық бұтау жұмыстарын жасады. Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағының айтуынша, Күйік асуынан бастап, 3 шақырымнан асатын аумақта жол жиегін тазарту жоспарланған.
Сондай-ақ, аудан бойынша 2 айға жалғасқан сенбілікте 200 тоннадан аса қоқыс шығарылған. Әкімдік өкілі меже 300 тонна дейді. Бұдан бөлек, өңірде 2500 көшет егілмек.
Экологиялық шарадан басқа мұнда жол белгілерін қалыпқа келтіру, көпірлер мен өткелдерді тазарту, сырлау, әктеу жұмысы да жасалып жатыр. Қазір облыста «Қазавтожол» мекемесінің қарауындағы 495 шақырым жол болса, аталған мекеме республикалық акция аясында тазалық шараларын қолға алды. Тиісті мамандар мен техникалар жол жиегіндегі демалыс орындары мен әжетханаларды тазартып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев те "Таза Қазақстан" акциясына қатысқан болатын.