Жуалыдағы жұмыс сапары: Жамбыл облысы ПД бастығы Бауыржан Момышұлының рухына тағзым етті
Жұмыс сапары аясында ПД бастығы аудан тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқылады. Кездесу еркін форматта өтіп, тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін ашық жеткізді.
Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Іссапар барысында полиция департаментінің бастығы ауданның тарихи-рухани нысандарын аралап, тұрғындармен және жеке құраммен ашық форматта кездесті. Алдымен ол қазақтың даңқты ұлы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті. Қ.Сұлтанбаев батырдың ерлігі мен өнегелі өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін әрдайым үлгі екенін атап өтті.
Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінде жергілікті театр әртістерінің сахналауындағы «Халық батыры» қойылымын тамашалады. Одан кейін Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, оқушылардың ант қабылдауына куә болды. Іс-шара барысында жас сақшыларға арнайы куәліктер табысталды. Аталған бастама жасөспірімдер арасында патриоттық тәрбие мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Кездесу барысында Жуалы өңірінің ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 52 жыл ұстаздық еңбек еткен Дәулетжан Байдалиев Қайсар Сұлтанбаевқа өзінің авторлық «Жуалы генералдары» атты кітабын сыйға тартты. Еңбекте ауданнан шыққан 14 генералдың өмір жолы мен қызметі баяндалған.
Іссапар соңында полиция департаментінің бастығы аудандық полиция бөлімінің жедел-қызметтік жұмысы бойынша есебін тыңдап, нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар жеке құрамды халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге, «Заң мен тәртіп» қағидатын қатаң сақтауға және қызметке адал болуға шақырды.