Жуалы ауданының Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерген 149 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл – ауыл тұрғындары көптен күткен, ауылдың рухани тынысын кеңейтетін маңызды нысан.
Ауданда мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның айқын дәлелі – осы жаңа мәдениет ошағының ашылуы. Көлбастау ауылында жаңадан салынған ғимарат ауылдың мәдени өміріне тың серпін беріп қана қоймай, жастардың шығармашылықпен айналысуына кең мүмкіндік ашады. Нысанның құрылысын тәжірибелі мердігер «Bek Stroy 2010» ЖШС жүзеге асырды.
Жаңадан пайдалануға берілген мәдениет үйі заман талаптарына сай жабдықталған. Мұнда ыңғайлы әрі кең көрермен залы, кітапхана, түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер, сондай-ақ мәдени шараларды ұйымдастыруға қажетті қосымша бөлмелер бар. Бұл ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, өнерге бейім балалар мен жастардың қабілетін шыңдауына зор мүмкіндік береді.
Жалпы, Жуалы ауданы бойынша мәдениет үйлерінде бүгінде 90 үйірме жұмыс істейді. Оған 853 жас қатысып, әртүрлі өнер бағыттарында өз таланттарын дамытып келеді. Көлбастау ауылындағы жаңа мәдениет үйінің ашылуы бұл көрсеткішті одан әрі арттырып, ауылдағы мәдени-ағартушылық жұмыстың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етпек.
Жаңа нысанның ашылуы ауыл жұртшылығына қуаныш сыйлап, елдімекеннің әлеуметтік-мәдени дамуына серпін береді деп күтілуде.






