Жуалылық жас боксшы ел чемпионы атанды
Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде бокстан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.
Алты күнге созылған дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірлерінен 230-ға жуық жас былғары қолғап шебері жиналып, өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жарыс барысында спортшылар 33 пен 70 келі аралығындағы салмақ дәрежелерінде чемпиондық атақ пен жүлделі орындар үшін тартысты кездесулер өткізді.
Аталған біріншілікте жерлесіміз Әли Әбделі ерекше көзге түсіп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды.
52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жас боксшы жоғары деңгейдегі шеберлігі мен жеңіске деген қайсар мінезін дәлелдеп, ел чемпионы атағын жеңіп алды.