сәрсенбі, 6 мамыр, 2026 10:08

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жуалының барысы анықталды

Жуалының барысы анықталды
Фото: Jambylinfo.kz
Дәстүрге айналған бұл турнир биыл 16-шы рет өткізіліп отыр.

Жуалы ауданында қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің аудандық іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Биылғы жарыс қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойына арналды.

Дәстүрге айналған бұл турнир биыл 16-шы рет өткізіліп отыр. Ұлттық рухты жаңғыртып, төл спортымызды кеңінен насихаттауды мақсат еткен жарысқа ауылдық іріктеу кезеңдерінен өткен 14 балуан қатысты. Боз кілемге шыққан әр спортшы өз шеберлігін көрсетіп, жеңіс үшін барын салды.

Жарыстың ашылу салтанатында Жуалы ауданының Құрметті азаматы, спорт ардагері Мақсұтбек Арзымбетов, спорт ардагері Қуанышбек Сейділдаев және аудандық «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы» КММ басшысы Жандос Баетов сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды. Олар қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай жарыстардың жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі рөлін ерекше атап өтті.

— Бұл жарыс тек мықтыны анықтау ғана емес, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулитын, ел рухын көтеретін маңызды алаң, — деді ұйымдастырушылар.

Жеребе тарту рәсімінен кейін басталған белдесулер тартысты әрі әсерлі өтті. Көрермендер нағыз шебер балуандардың айқасына куә болып, ерекше әсер алды. Төрешілер әділ шешім шығарып, үздіктерді анықтады.

Жарыс қорытындысы бойынша Бауыржан Қойшыбаев жеңімпаз атанып, «Жуалы Барысы» атағына ие болды. Екінші орынды Арқат Сейіткерім иеленсе, үшінші орын Дастан Баймаханбетке бұйырды. Жеңімпазға арнайы белбеу, медаль, диплом және 50 000 теңге көлемінде сыйақы табысталды. Ал екінші орын иегеріне 30 000 теңге, үшінші орын алған балуанға 20 000 теңге және тиісті марапаттар берілді.

Жарыс ережесіне сәйкес, алтын және күміс жүлдегерлер — Бауыржан Қойшыбаев пен Арқат Сейіткерім облыстық іріктеу кезеңіне жолдама алды. Енді олар «Қазақстан Барысы» турнирінің келесі кезеңінде Жамбыл облысының үздік балуандарымен бақ сынап, Жуалы ауданының намысын қорғайтын болады.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар