Жылыту маусымына дайындық барысы қаралды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мәселесі талқыланды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек баяндама жасап, өңірлік штабтың жылыту маусымына дайындық және оны өткізу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарына егжей-тегжейлі тоқталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Баяндамашының айтуынша, облыс аумағында 9 жылу энергетика нысаны мен 616 автономды қазандық бар. Аталған нысандар арқылы 1 767 әлеуметтік мекеме мен 1 715 көпқабатты тұрғын үйге жылу жеткізу жоспарланған.
ҚР Энергетика министрлігі облысқа қажетті 34 305 тонна әлеуметтік мазут бөлген. Жаңатас қаласының орталық қазандығына 2025 жылдың 4-ші тоқсанына 8 500 тонна мазут қажет болса, соның 7 800 тоннасына облыстық бюджет есебінен қаржы бөлінген.
Облыстағы барлық отын-энергетика кешендері жылыту маусымына дайындық жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жүргізіп жатыр және бұл процесс өңірлік штабтың тұрақты бақылауында.
«Таразэнергоорталық» АҚ бойынша жоспарланған 20 іс-шараның 19-ы бүгінде орындалды. Негізгі жұмыс ретінде ТЭЦ-4 станциясындағы екі бу турбинасы мен №4 ПТВМ және РК-4-тегі №4 КВГМ маркалы қазандықтар жөндеуден өткізілді.
Инвестициялық бағдарлама аясында ТЭЦ-4 (№3 АБ) және РК-4 (№2 АБ) қазандығындағы аккумуляторлық бактар сырланып, түптері (днища) жаңартылуда. Бұл жұмыстар 1 қазанға дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің қолдауымен Т-1 трансформаторы облыстық бюджет есебінен ауыстырылды. Сонымен қатар, Т-2 трансформаторын ауыстыруға облыстық бюджет және «Таразэнергоорталық» АҚ қаражатынан қаржы бөлінді, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталған.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап жылу энергиясын жеткізу қызметі «Таразэнергоорталық» АҚ-нан «Таразтрансэнерго» МКК-ға берілген.
Сондай-ақ, 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде РК-4 қазандығын қайта жаңғырту жобасы бойынша қажетті қаржы бөлу туралы өтінім ҚР Энергетика министрлігіне жолданған.
Жылу желілері бойынша жағдай:
Облыста жалпы ұзындығы 350,7 шақырымды құрайтын жылу желілері бар. Олардың 54 пайызы тозған. Ағымдағы жылы республикалық бюджет және кәсіпорын қаражаты есебінен 4,65 шақырымға тең 3 жоба жүзеге асырылды.
Қазіргі кезде облыстық бюджет және кәсіпорын қаражаты есебінен 6,1 шақырым жылу желісі күрделі жөндеуден өткізілуде. Қаратау қаласында 5,2 шақырым жоспарланған, оның 4,9 шақырымы жаңартылды. Шу қаласында да 2,0 шақырым жылу желісі жөнделді.
Жалпы, 2025 жылы 12,7 шақырым жылу желісі ауыстырылып, бұл көрсеткіш жүйенің тозу деңгейін 53 пайызға дейін төмендетпек.
Ұзақмерзімді жоспарлар:
«Жамбыл-Жылу» кәсіпорны 2026 жылға дейін «Энергетикалық және коммуналдық секторларды модернизациялау» Ұлттық жобасы аясында «Қант зауыты» алқабындағы 7,2 шақырым жылу желілерін қайта жаңғырту жобасын ұсынып отыр.
Отынмен қамтамасыз ету:
Бүгінде өңірдегі теміржол тұйықтарында 8,7 мың тонна көмір қоры бар, кезек күту жағдайлары тіркелмеген. Бюджеттік мекемелердің автономды қазандықтарына көмір сатып алу жоспарланған. Әсіресе, білім беру мекемелерін көмірмен қамтамасыз ету ерекше бақылауға алынған.
Жылыту маусымы басталған кезде алдымен денсаулық сақтау және білім беру нысандары жылуға қосылады.
Ауа райының жағдайын ескере отырып, жылыту маусымын өңірлерде орташа тәуліктік температураға байланысты 10 немесе 15 қазаннан бастау жоспарланып отыр.
Жалпы, дайындық жұмыстары өңірлік штаб тарапынан тұрақты түрде бақылауға алынған.