Жылыту маусымына әзірлік қандай?
Жылыту маусымына әзірлік қандай?
Әне-міне дегенше күнтізбеге күздің екінші айы да кірді. Қазірдің өзінде күннің райынан қылышын сүйретіп келе жатқан кәрі құда – қыстың лебі сезіледі. Ауылдағы ағайынның көмір түсіріп, отын-суын қамдап әлекке түскен осы бір шақта қала тұрғындары жылу тарататын мекемелерге үмітпен мойын созады. Оның үстіне күллі әлемді коронавирустық инфекцияның қайта өршуі алаңдатып отырған сәтте жылудың уақытылы берілуі де дәтке қуат.
Бұл мәселеге күздің алғашқы салқыны сезілген сәттен мән берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың салаға жауаптыларды жинап алып, жиын өткізгені есте. Сол жиында тиісті жұмыстарды әлі де ширата түсу туралы тапсырма алған мекемелер биылғы жылыту маусымына дайындықтың жоғары деңгейде екенін алға тартады. Мәселен облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы өңірдегі нысандардың жылу беруге дайындығы 96,4 пайызды құрайтынын мәлімдеді. Жауапты маусымға автономдық қазандықтардың дайындығы 97 пайызды, жылумен жабдықтау желілерінің дайындығы 99,8 пайызды құрайды. Сәйкесінше әлеуметтік нысандардың да әзірлік деңгейі жоғары.
Облыс орталығын жылумен қамтитын «ТаразЭнергоОрталығы» акционерлік қоғамының басшылығы да қылышын сүйретіп келе жатқан қысқа ала жаздай қам жасалғанын айтады.
Жылыту маусымына дайындықтың барысы туралы жауапты мекемелердің берген мәліметіне сүйенсек, жамбылдықтар қыстың ызғарын анау айтарлықтай сезінбейтін сыңайлы. Әйтсе де ала жаздай жүргізілген жұмыстың сапасы кәрі құда қаһарына мінген сәтте сыналатынын естен шығармағанымыз жөн.
Шынболат Күзекбаев