Зорлыққа ұшыраған әйел қайда барады
Отбасындағы зорлық -зомбылыққа ұшыраған әйел қайда хабарласу керек? Ал агрессорға қандай жаза қолданылады? Jambylinfo.kz тілшісі Тараз қалалық Полиция басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Анар Мұсаевамен сөйлесіп, тың ақпараттар сұрады.
Маманның айтуынша, зорлыққа ұшыраған әйелдің жасайтын ең бірінші қадамы - 102 нөмірі бойынша полицияға қоңырау шалуы немесе qamqor.gov.kz порталы арқылы онлайн өтініш беру. Жапа шеккен әйел құқық бұзушыға шара қолдану үшін полиция қызметкерлерін шақыруға және полиция қызметкерінен сот-медициналық куәландыруға жолдама талап етуге құқылы.
"Кейінгі өзгерістерге сәйкес, жәбірленушінің арыз-шағымына қарамай бірден әкімшілік іс қозғаймыз. Бұрын біздің құқық қорғау қызметкерлерінің қолы байлаулы болса, қазір құқық бұзушылықтың жасалу фактісі бойынша бірден іс қозғау тетігі бар. Ең біріншіден, бұрын зорлық фактісі жәбірленуші арызданса ғана тіркелетін. Бұл жерде зардап шегушінің өтінішісіз (яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалып, іс-құжат сотқа жолданады", - дейді Анар Мұсаева.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің аясында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында заңсыздыққа барғаны үшін (73-бап, 73-2 бап, 73-2 бап, 461 бап, 669-баптың 2-бөлігі, 669-баптың 3-бөлігі) әкімшілік қамауға алу мерзімдері белгіленген. Отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту немесе 5 тәулікке қамаққа алу қарастырылған. Енді осы құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған уақытта ескерту берілмейді, бірден 10 тәулікке қамалады. Ұрып-соғу үшін 10 тәулік қамау; қайталанса 20 тәулікке; денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 15 тәулікке қамау; қайталанса 25 тәулікке қамауға; ал қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ескерту алынып тасталып, 10 тәулікке қамау қарастырылады.
Ал күйеуінен зәбір көрген әйелдің екінші қадамы - 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақыруы тиіс. Себебі, полиция қызметкерлері әйелдің физикалық немесе психологиялық қысым көргенін анықтап, әйелді дағдарыс орталықтарына орналастырады.
Дағдарыс орталығы қандай көмек береді?
Дағдарыс орталығында әйелдерге қызмет көрсету стандартына сәйкес құқықтық, психологиялық және басқа да көмек көрсетіледі. Әйелдер дағдарыс орталығын 6 ай паналай алады. Қазіргі таңда елімізде 41 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, оның 14-і – мемлекеттік орталық. Жамбыл облысында тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарына арналған 2 мемлекеттік дағдарыс орталығы бар. Олар Тараз қаласы мен Қордай ауданында орналасқан. Ал қалған тоғызы ауданда жеке кабинет ретінде жұмыс істейді.
"Тараз қаласындағы орталық 2014 жылы ашылды. Қазір орталық 51 адамды қабылдайды. Мұнда келетін әйелдің басым көпшілігі – 25-45 жас аралығындағы көпбалалы аналар. Біз қаламыздағы «Анаға тағзым» орталығына әйелдерді жаңа кәсіп иегеру үшін курс оқуға жібереміз. Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, орталықта жатқан әйелдердің 60-70 пайызы отбасына оралады, ал 2-3 пайызы туыстарына кетсе, 1-2 пайызы ғана жеке баспанаға шығып, жұмысқа тұрады. Тіпті, орталықта ем алып, қайта келіп түсетіндер де бар", - дейді Тараз қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс ортылығының әлеуметтік қызметкері Айдана Түменова.
Сондай-ақ, елімізде балаларға, жастарға және зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға арналған тәулік бойы ұлттық сенім телефоны (150 нөмірі) жұмыс істейді. Оған еліміздің кез келген бұрышынан кез келген уақытта, яғни 24/7 режімінде тегін қоңырау шалуға болады. Бұған қоса, еліміздің кез келген азаматы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 111 нөміріне қоңырау шала алады.
Айта кетейік, 15 cәуір күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасына қол қойды. Бұл өзгерістер бойынша, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру енді Қылмыстық кодекспен қаралады.