Жаңалықтар

2024 жылы Жамбыл облысында құны 180 млрд теңге болатын 28 инвестициялық жоба іске қосылады

2024 жылы Жамбыл облысында құны 180 млрд теңге болатын 28 инвестициялық жоба іске қосылады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевті қабылдап, өңірдің 2023 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды jambylinfo. Өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, облыстың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 17,3% көбейіп, 517,2 млрд теңгеге жетті. Көлік тасымалы саласында 5,2%, құрылыс саласында 18,7%, байланыс саласында 7,2%, баспана салу саласында 4,7% өсім байқалған. 2023 жылы облыста жалпы құны 75 млрд теңге болатын 13 жаңа өндіріс іске қосылған. Биыл құны 180 млрд теңгені құрайтын тағы 28 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, аймақтың инвестициялық пулында жалпы құны 2,3 трлн теңгеге тең 69 жоба бар, оларды жүзеге асыру арқылы 5,5 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Аймақтың шағын және орта бизнес субъектілері 864,9 млрд теңгенің өнімін өндіріп, саладағы өсімді 3,6% жеткізген. Шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін адамдардың саны 18,5% көбейген. Жалпы, былтыр Жамбыл облысында 81,7 мың жаңа жұмыс орны ашылса, оның 21 мыңы Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орны» жобасын құру туралы тапсырмасын орындау аясында пайда болған. Президентке сондай-ақ облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы ақпарат айтылды. Жоспар бойынша қайта өңдеу секторындағы бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін 627,3 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Ал, «Ауыл Аманаты» бағдарламасының аясында биыл су үнемдеу технологияларына арналған жобалар мен балық шаруашылығын дамытуды көздейтін жобаларға қаржы бөлінеді. Өңірде су шаруашылығы нысандарын салу және модернизациялауға арналған жұмыс жалғасып жатыр. Ербол Қарашөкеев сондай-ақ аймақтағы әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты есеп берді. Мәселен, биыл өңірде 13 380 орынға арналған 29 білім беру нысанының құрылысы басталады, оның ішінде 12 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында салынбақ. Облыс әкімінің айтуынша, 2023 жылы салынған 7 білім беру нысанының арқасында жаңадан 2030 оқушыға арналған орын пайда болған. Сонымен қатар, 19 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды, соның ішінде, Тараз қаласындағы облыстық онкологиялық диспансер мен Шу ауданындағы балаларға арналған сауықтыру орталығының ғимараты бар. Кездесуді қорытындылай отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне аймақты одан әрі дамыту мен тұрғындардың табысын арттыруға арналған бірқатар тапсырмалар берді.