2026 жылы арнайы салық режимін кімдер қолдана алады
Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Қазақстанда жаңа Салық кодексі аясында оңайлатылған декларация негізіндегі жаңартылған арнайы салық режимі енгізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіруінше, аталған арнайы салық режимін қолдану үшін салық кезеңі жартыжылдық болып белгіленген.
Режимді қолдану шарттары:
жылдық табыс 600 мың АЕК-тен (2 млрд 595 млн теңгеден) аспауы тиіс;
қызмет түрі арнайы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызметтер тізіміне кірмеуі керек;
әлеуметтік салық пен қосылған құн салығын төлеуші болмауы қажет.
Астана қаласы бойынша салық мөлшерлемесі – 3 пайыз.
Аталған режимді қолдануға құқығы жоқтар:
басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлғалар;
құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезетте арнайы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның да құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар;
құрылтайшысы немесе қатысушысы арнайы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар;
арнайы салық режимін қолданатын заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып саналатын салық төлеушілер (жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер);коммерциялық емес ұйымдар;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың, сондай-ақ «Астана Хаб» қатысушылары;
бірлескен қызмет туралы шарттар аясында жұмыс істейтін салық төлеушілер.
Салық мәселелері бойынша қосымша ақпаратты 1414/3 нөмірі арқылы немесе Instagram-дағы парақшасынан алуға болады.