Жаңалықтар

2029 жылға қарай су ресурстары саласындағы мамандар тапшылығы артады

2029 жылға қарай су ресурстары саласындағы мамандар тапшылығы артады

2029 жылға қарай еліміздің су ресурстары саласындағы маман тапшылығы 800 адамға жетеді. Бұл туралы Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында айтылған. «Жаңа технологияларды енгізу аясында су саласындағы мамандықтар үшін білім беру стандарттарын қайта қарау қажет. Болжам бойынша, 2029 жылға қарай жоғары білікті мамандарға деген қажеттілік 800 адамға дейін артады. Бұл ретте оларды оқыту үшін 350-ге дейін профессорлық-оқытушылық құрам, оның ішінде 170-і ғылыми дәрежесі бар адам қажет болады», - делінген құжатта. Тұжырымдама авторлары салаға жастардың келмеуіне түрткі болып отырған факторларды да атаған. «Жалақының төмен деңгейіне, жұмысқа орналасудың күрделілігіне, шаруашылық жүргізуші субъектілердің жас мамандарды жұмысқа қабылдауға құлықсыздығына байланысты су шаруашылығы ұйымдары қызметкерлерінің басым бөлігін зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар құрайды. Ұрпақтар сабақтастығы қағидатын бұзудың қауіпті тенденциясы байқалып отыр. Өйткені жоғары білікті маман даярлау және қалыптастыру үшін кемінде 10-15 жыл қажет», - деп жазылған тұжырымдамада.