350 қаңғыбас ит-мысық ауланды
Т.Рысқұлов ауданында «iKomek109» диспетчерлік орталығынан және ауылдық округ әкімшіліктерінен келіп түскен өтініштерге сәйкес, биыл 350 бас жабайы қаңғыбас ит-мысықтар ауланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде аудандық ветеринариялық бөлімінің басшысы Ғабидин Әшімбеков мәлімдеді.
Ғабидин Бақбергенұлының айтуынша, аудан аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша күтіп-ұстауға арналған питомник әзірге жоқ. Десе де, 2024 жылы салынады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, аудандағы ветеринариялық шаралардың мақсаты – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, диагностикалау, вакцинациялау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы тұрғыда мемлекеттік тапсырыс бойынша 2024 жылға бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстарына биыл 3 512 566 манипулция, 16 аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жыл басынан бері жоспар бойынша 1 683 349 вакцинация жүргізілген.
Сарып (бруцеллез) ауруын анықтау мақсатында 434 419 ауыл шаруашылық жануарларынан қан сынамасы алынып, диагностикалық тексерулер жүргізілген. Нәтижесінде 23 бас мүйізді ірі қара малынан оң нәтиже анықталған. Сол секілді 7 мүйізді ірі қара санитарлық сойылуға жіберілген.
– Қазіргі таңда 15 ауылдық округтің 12-сінде ветеринариялық бекет мал егу, емдеу орнымен қамтылған. Ауданда мал өлекселерін тастайтын 3 биотермиялық «Беккери» шұңқыры бар. Аудан аумағында 12 елді мекенде 27 сібір жарасы ошақтарының көмінділері орналасқан. Олар ветеринариялық талаптарға сәйкес қоршалған, бетондалған, тақтайшаларда аурудың тіркелген жылы, айы жазылған. Тұрақты дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп отырады. Кәсіпорын теңгерімінде 2 мал сою алаңы бар. Оның бірі – Ақыртөбе ауылдық округінде, екіншісі Құлан ауылында орналасқан. Кәсіпорында 1 жылжымалы және 1 стационарлық инсинатор бар. Бұл күнде толығымен жұмыс істеп тұр. Ағымдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстар 15 ветеринариялық пункттің ветеринар мамандарымен өз деңгейінде атқарылуда. Жалпы, ауданда эпизоотиялық жағдай тұрақты. Атқарылған ветеринариялық іс-шаралар туралы ақпараттар кәсіпорын тарапынан Facebook және Instagram сынды әлеуметтік желілеріге тұрақты түрде жарияланып отырады. Адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында аудан тұрғындары мен шаруа қожалық иелеріне кәсіпорын қызметкерлері тарапынан жадынамалар таратылуда, – деді Ғабидин Бақбергенұлы.